Ведомство мәліметінше, көші-қон саласындағы жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында мыңдаған құқық бұзушылық тіркелген. Атап айтқанда, Қазақстан аумағында болу қағидаларын бұзғаны үшін 9 359 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Заңсыз еңбек қызметімен айналысқан 3 828 шетелдік те жауапқа тартылды.
Сонымен қатар, шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 882 жұмыс беруші анықталды. Ал полиция органдарына өздерінде тұрып жатқан шетел азаматтары туралы уақытылы хабар бермегені үшін 2 794 жеке және заңды тұлға жауапкершілікке тартылған.
Сот шешімдері негізінде көші-қон заңнамасын бұзған 1 559 адам Қазақстан аумағынан шығарылды. Тағы 1 836 шетел азаматының елде болу мерзімі қысқартылды. Оның ішінде 122 адам мәжбүрлі түрде елден шығарылып, оларға бес жыл мерзімге Қазақстанға кіруге тыйым салынды.
ІІМ мәліметінше, елге заңсыз кірген 14 шетел азаматы анықталған. Қазір бұл фактілер бойынша шекара қызметімен бірлескен тергеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ халықаралық іздеуде жүрген және өз елдерінің құқық қорғау органдарынан жасырынған 21 шетелдік ұсталған.
«Анықталған құқық бұзушылықтарды талдау нәтижесі көптеген жағдайда көші-қон заңнамасының бұзылуына заңсыз әрі жылдам табыс табуды көздеген Қазақстан азаматтарының өздері себеп болып отырғанын көрсетті», – делінген ІІМ хабарламасында.
Тексеру барысында шетел азаматтарын заңсыз тасымалдау фактілері де анықталды. Мәселен, Атырау облысында шетелдіктерді Қазақстаннан көрші мемлекетке заңсыз өткізумен айналысқан қазақстандық ұсталған. Осындай заң бұзушылықтар Жамбыл және Павлодар облыстарында да тіркелген.
Ал Ақтөбе облысындағы құрылыс нысандарының бірінде заңсыз жұмыс істеген 60-қа жуық шетел азаматы анықталды. Астанада жұмыс берушінің Африка елдерінен келген алты азаматтың еңбегін заңсыз пайдаланғаны белгілі болды.
Сонымен қатар, Алматы және Шымкент қалаларында, Қарағанды, Алматы, Атырау, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында құрылыс саласында шетел азаматтарын заңсыз жұмысқа тарту деректері тіркелген.
ІІМ мәліметінше, барлық құқық бұзушылар мен олардың жұмыс берушілері заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылған. Бұдан бөлек, бір жыл ішінде шетелдік жұмыс күшін тарту қағидаларын екі және одан да көп рет бұзған бес жұмыс берушіге қатысты қылмыстық тергеу басталды.
Мұндай фактілер Жамбыл, Қарағанды және Атырау облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында анықталған. Ведомство көші-қон заңнамасын бұзудың алдын алу және анықтау бағытындағы жұмыстар жалғасып жатқанын мәлімдеді.





