13 маусым күні «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің мамандары Алматы қаласы әкімдігі, Алматы қаласы және Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменттерінің өкілдерімен бірлесіп, ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Ми-8 АМТ тікұшағымен таулы аумақтарды әуеден бақылап шықты.
Тексеру Іле Алатауы жотасының солтүстік бөлігін қамтыды. Мамандар Қаскелең өзені алабынан бастап Түрген өзені алабына дейінгі аумақтағы мұздақ көлдер, мұздық кешендер мен сел арналарының жай-күйін зерделеді.
Аэровизуалды мониторингтің басты мақсаты – өңірдегі сел қаупін бағалау және табиғи нысандардың қазіргі жағдайын анықтау болды.
Мамандардың мәліметінше, мұздақ көлдердің басым бөлігі қазір маусымдық толу кезеңінде тұр. Ал биік таулы аймақтардағы бірқатар көлдер қысқы режимнен әлі толық шықпаған. Кейбір көлдер орналасқан биіктігі мен беткейлердің күнге қарау ерекшелігіне байланысты әлі де қар мен мұз қабатының астында жатыр.
Сондай-ақ тексеру барысында өзендерде су лайлылығының арту белгілері тіркелмегені анықталды. Бұл сел процестерінің белсенділігі байқалмайтынын көрсетеді.
«Таулы аумақтардағы қар жамылғысының қалыңдығы 20-50 сантиметр аралығында. Қар сызығы теңіз деңгейінен 3300-3500 метр биіктікте орналасқан», – деп мәлімдеді мамандар.
Тексеру қорытындысы бойынша Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағындағы өзен алаптарындағы сел жағдайы тұрақты деп бағаланды. Қазіргі уақытта тұрғындар мен инфрақұрылым нысандарына қауіп төндіретін жағдайлар анықталған жоқ.





