Іс-шара Бердібек Соқпақбаев атындағы саябақта өтіп, оған медицина қызметкерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері, еріктілер, жастар және қала тұрғындары қатысты.
Фестивальдің басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, жастар арасында нашақорлықтың алдын алу және тұрғындардың денсаулық мәдениетін арттыру.
Шара барысында қатысушылар дәрігерлер мен психологтардың кеңесіне жүгініп, денсаулық көрсеткіштерін анықтауға мүмкіндік беретін скринингтік тексерулерден өтті. Сонымен қатар тұрғындарға дұрыс тамақтану, зиянды әдеттердің алдын алу және психологиялық саулықты сақтау жөнінде ақпарат берілді.
Фестиваль бағдарламасы спорттық жарыстар мен белсенді ойындарға, танымдық викториналарға және ақпараттық-көрме алаңдарына толы болды. Қала тұрғындары мен жастар түрлі шығармашылық бағдарламаларды тамашалап, денсаулықты нығайтуға бағытталған шараларға белсенді қатысты.
Іс-шара аясында «Біз есірткісіз өмірді таңдаймыз» атты акция ұйымдастырылды. Акция барысында жастарға есірткінің зияны туралы ақпарат беріліп, зиянды әдеттерден аулақ болып, спортпен шұғылданудың және белсенді өмір салтын ұстанудың маңыздылығы түсіндірілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар қоғамда денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және зиянды әдеттердің алдын алуға ықпал етеді.
Мамандардың пікірінше, нашақорлықтың алдын алуда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау маңызды рөл атқарады. Осы бағыттағы жұмыстар Қонаев қаласында алдағы уақытта да жалғасын таппақ.





