2022 жылғы 3 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қапшағай қаласының атауын Қазақстанның көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың құрметіне Қонаев деп өзгерту туралы Жарлыққа қол қойған болатын.
Сол күні Алматы облысының әкімшілік орталығын Талдықорғаннан Қонаев қаласына көшіру туралы Жарлық та жарияланды. Құжат 2022 жылғы 8 маусымда күшіне енді.
Осы уақыттан бастап өңір де, жаңа облыс орталығы да қарқынды дами бастады. Облыс басшылығы инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға, тұрғын үй құрылысына және жаңа әлеуметтік нысандар салуға басымдық берді. Соның нәтижесінде жаңа тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік нысандар бой көтеріп, заманауи Алатау қаласының (бұрынғы G4 City) құрылысы басталды.
Өңірдің дамуы тек Қонаев қаласымен шектелген жоқ. Облыстың басқа қалалары мен ауылдарында да ауқымды өзгерістер болды. Жергілікті және республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстары күшейтіліп, ауылдар мен аудан орталықтарын жарықтандыруға ерекше назар аударылды.
Жаңа мәртебемен бірге Қонаевқа бизнес те белсенді келе бастады. Көптеген кәсіпорындар өндіріс орындарын Алматы облысына көшіріп, заманауи қоймалар мен логистикалық орталықтар салуға кірісті. Сонымен қатар, өңірге инвестиция салуға ниетті шетелдік инвесторлар легі артты. Бұған дейін өңірде жұмысын бастаған компаниялардың тәжірибесін көрген өзге халықаралық бизнес өкілдері де Алматы облысына қызығушылық таныта бастады.
Өңір тұрғындары оң өзгерістерді алғашқы жылдардың өзінде-ақ байқады. Көпшілік облыстың даму қарқынын ғана емес, оның әлеуетін де атап өтеді. Бұрын шешілуі қиын болған көптеген мәселелер жаңа облыстың құрылуы мен әкімшілік орталықтың көшірілуінен кейін әлдеқайда жылдам шешіле бастаған.
Тұрғындардың айтуынша, ең үлкен өзгерістердің бірі инфрақұрылым саласында байқалады. Әсіресе Қонаев қаласында ғана емес, облыстың барлық елді мекендерінде жолдар, инженерлік желілер мен әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын алды.
Соңғы төрт жылда Алматы облысында 69 жаңа мектеп пен алты оқу корпусы салынды. Соның нәтижесінде үш ауысыммен оқытатын мектептер саны 52-ден 23-ке дейін қысқарды. 50 ауыл мектебінің материалдық-техникалық базасы толық жаңартылып, шалғайдағы көптеген білім беру ұйымдары Starlink интернет жүйесіне қосылды.
Өңір экономикасының басты ерекшелігі – оның әртараптандырылған құрылымы. Қызмет көрсету саласының үлесі 39,8 пайызды, өнеркәсіптің үлесі 38,2 пайызды құрайды. Бұл облыстың жекелеген ірі кәсіпорындарға тәуелді болмай, тұрақты дамуына мүмкіндік беріп отыр.
Соңғы төрт жылда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,6 есеге артты. Бүгінде Алматы облысы еліміздің жетекші индустриялық орталықтарының біріне айналды. Өнеркәсіп өнімінің 88 пайыздан астамы өңдеуші секторға тиесілі. Өңір жоғары технологиялық өнімдер, тамақ өнеркәсібі және фармацевтика салаларында көшбасшылар қатарынан көрініп келеді.
Медицина саласында да оң өзгерістер бар. Облыста жаңа ауруханалар мен емханалар ашылып, шалғай ауылдарда заманауи медициналық пункттер пайдалануға берілді. Денсаулық сақтау мекемелері жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, шетелдік технологиялар енгізілуде. Жақында жедел медициналық жәрдем қызметінің автопаркі де жаңа көліктермен толықтырылды.
Ауыл шаруашылығы өңір экономикасының негізгі тіректерінің бірі болып қала береді. Қазір бұл салада шамамен 135 мың адам еңбек етеді. Су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемі төрт есеге артып, 86 мың гектарға жетті. Ал өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты алғаш рет импорт көлемінен асып түсті.
Өңірдегі өзгерістерді тек аға буын ғана емес, жастар да сезінуде. Қалалармен қатар ауылдар мен шағын елді мекендер де дамып келеді. Инфрақұрылым мен абаттандыру жұмыстары тұрақты бақылауда. Облыс басшылығы тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, кәсіпкерлермен жүйелі түрде кеңесіп отырады.
Бүгінде Қонаев қаласы Қапшағай су қоймасының жағалауындағы ірі әкімшілік, іскерлік және туристік орталық ретіндегі орнын нығайтып келеді. Жыл сайын туристер саны артып, бұл үрдісті жергілікті кәсіпкерлер де ерекше атап өтуде. Қалада саябақтар, жағалау аймақтары және балаларды дамытуға арналған жаңа орталықтар ашылып жатыр.
Осылайша, соңғы төрт жылда Алматы облысы экономикалық өсімнің жоғары қарқынын сақтап, инвестиция тарту, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және әлеуметтік инфрақұрылым бағыттарында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Алдағы жылдары да өңір ел экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі болып қала бермек.





