Заң аясында Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және өзге де арнайы органдардың қызметіне қатысты бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді.
Ең көп талқыланған өзгерістердің бірі Мемлекеттік күзет қызметі туралы заңға қатысты болды. Құжатта күш қолдану және қару пайдалану тәртібін реттейтін тарау толықтай жаңартылған.
Жаңа нормаға сәйкес, терроризмге қарсы арнайы операция жүргізілетін аумақта қызметкерлерге дене күшін, арнайы құралдарды, қару мен әскери техниканы ескертусіз қолдануға құқық беріледі.
Сонымен қатар, қызметкерлердің әрекеттері жасалған шабуылдың сипаты мен қауіптілігіне сай болған жағдайда, келтірілген материалдық немесе өзге де зиян үшін жауапкершіліктен босату көзделген.
Заңда штаттық қару болмаған жағдайда қолда бар кез келген заттарды пайдалануға мүмкіндік беретін норма да енгізілді.
Дрондарға қарсы әрекет ету құқығы беріледі
Тағы бір маңызды өзгеріс – күзетілетін нысандар аумағында ұшқышсыз ұшу аппараттарының әрекетін тоқтату құқығының берілуі.
Енді Мемлекеттік күзет қызметі күзет іс-шаралары өткізілетін аймақтарда дрондар арқылы әуе кеңістігін заңсыз пайдалануға тосқауыл қоя алады.
Дағдарыс кезінде ауызша бұйрық беруге рұқсат етіледі
«Арнайы мемлекеттік органдар туралы» заңға енгізілген түзетулер бойынша соғыс қимылдары, төтенше жағдайлар, әскери немесе антитеррорлық операциялар кезінде басшыларға ауызша бұйрық беру құқығы беріледі.
Алайда мұндай бұйрықтар жағдай тұрақтанғаннан кейін мүмкіндігінше қысқа мерзімде, бірақ 24 сағаттан кешіктірілмей жазбаша түрде рәсімделуі тиіс.
Сонымен бірге заңсыз бұйрықты орындау жауапкершіліктен босатпайтыны көрсетілген. Егер бұйрық кейін басшы тарапынан ресми түрде бекітілсе, жауапкершілік сол басшыға жүктеледі.
ҰҚК өкілдеріне дипломатиялық мәртебе беріледі
Заң Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шетелдегі өкілдерінің мәртебесіне де өзгеріс енгізеді.
Жаңа нормаға сәйкес, Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерінде жұмыс істейтін ҰҚК ресми өкілдері мен олардың көмекшілері дипломатиялық қызметкерлермен теңестіріледі.
Сонымен қатар, олар арнайы немесе әскери шеніне сәйкес жалақы мен қосымша төлемдерді сақтап қалады.
Экстремистік материалдарды сақтағандар да жауапқа тартылуы мүмкін
Заң экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл құралдарын да кеңейтеді.
Бұған дейін экстремистік сипаттағы материалдарды дайындау, басып шығару немесе әкелу фактілері ғана қарастырылса, енді оларды сақтау мен тасымалдау да құқықтық жауапкершілікке негіз болмақ.
Яғни экстремистік немесе террористік материалдарды сақтау немесе тасымалдау фактісі анықталған жағдайда олар тәркіленіп, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылуы мүмкін.
Президенттік кадрлық резерв құрылады
Құжатта арнайы мемлекеттік органдар үшін президенттік кадрлық резерв құру қарастырылған.
Жоғары лауазымдарға үміткерлер тізімі мен резервті қалыптастыру тәртібін Мемлекет басшысы айқындайды.
Сонымен қатар, экстремизмнің алдын алу бағытындағы міндеттер мемлекеттік органдар арасында қайта бөлінеді. Мысалы, киберқауіпсіздік мәселелеріне цифрландыру саласына жауапты орган жетекшілік етсе, білім беру ұйымдары мен діни оқу орындарында антитеррорлық тәрбие бағдарламаларын енгізу міндеттеледі.
Заң ресми жарияланған күннен бастап 60 күн өткен соң күшіне енеді.





