Оқиға қызметтен тыс уақытта болған. Алматы және Жетісу облыстары бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкері Сандуғаш Ереулиева сауда үйінде жүрген кезде бутиктердің бірінен өрт шыққанын байқап қалған.
Қауіпті жағдайды көрген ол бірден әрекетке көшіп, келушілер мен сауда нысаны қызметкерлерін қауіпсіз жерге эвакуациялауды ұйымдастырған.
Сондай-ақ ҚАЖ қызметкері өрт сөндірушілер келгенге дейін қолда бар өрт сөндіру құралдарын пайдаланып, жалынның таралуына жол бермеген.
«Сандуғаш Ереулиеваның жедел әрі сауатты әрекетінің арқасында өрт дер кезінде ауыздықталып, адам өмірі мен мүлікке төнген қауіптің алдын алу мүмкін болды», – деп хабарлады Polisia.kz.
Ведомство мәліметінше, бұл оқиға құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кез келген жағдайда кәсіби дайындық пен сергектікті сақтайтынын көрсетеді.
Оқиға салдарынан зардап шеккендер туралы ақпарат жарияланған жоқ. Өрттің нақты шығу себептері де нақтыланбады.





