Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның қаржы нарығы қарқынды трансформация кезеңіне қадам басып отыр. Бұл бағыттағы өзгерістерге елімізде жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы да серпін береді.
«Қазақстан қаржы нарығы қарқынды трансформация кезеңінде тұр деуге болады. Елімізде жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы финтех индустриясын дамытуға ықпал етеді», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Alatau City жаңа қаржы технологияларын дамытуда ерекше рөл атқармақ.
«Бұл орайда Алатау әлемнің осы бөлігіндегі тұңғыш криптоқала ретінде маңызды рөл атқарады. Осы саланы дамыту үшін қысқа мерзімде артық кедергілерді жойып, жаңа қаржы құралдарын іске қосу қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Президент цифрлық активтердің құқықтық мәртебесін нақтылап, оларды мүлік ретінде тану қажеттігін айтты. Сонымен қатар бұл жүйеде цифрлық теңге негізгі құралдардың бірі болуы тиіс екенін атап өтті.
«Цифрлық активтердің нақты құқықтық мәртебесін бекітіп, криптоактивті мүлік ретінде тану керек. Бұл жүйеде цифрлық теңге негізгі рөл атқарады», – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қаржы орталықтарымен бәсекеге қабілетті болу үшін арнайы құқықтық және салықтық жағдай жасау қажеттігін жеткізді.
Оның айтуынша, Alatau City аумағында цифрлық активтер операциялары мен жергілікті юрисдикциядағы капитал өсіміне қатысты жеңілдетілген режим енгізу мәселесін қарастыру керек.
Президент сондай-ақ экономиканың нақты секторларын цифрландыруды жеделдетуді тапсырды.
«Экономиканың нақты секторларын, соның ішінде жылжымайтын мүлікті, инфрақұрылым нысандарын, шикізат активтерін токенизациялау жобасын жүзеге асыруды жеделдеткен жөн. Бұл орнықты және сұранысқа ие цифрлық құралдар нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік пен инвестициялық тартымдылық арасындағы теңгерімді сақтау үшін заманауи бақылау тетіктерін енгізу қажеттігін атап өтті.
Президенттің пікірінше, аталған бастамалар Қазақстанның қаржы жүйесін түбегейлі жаңғыртып, елдің жаңа қаржы архитектурасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Алатау цифрлық активтерді жедел дамыту және елдің жаңа қаржы архитектурасын құрудың стратегиялық алаңына айналуға тиіс. Біз елімізді қаржылық тұрғыдан дамыту және трансформациялау саласында белгілі бір деңгейде революция жасап жатырмыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.





