Оқиға қарапайым телефон қоңырауынан басталған. Өзін емхана қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адам зейнеткерге вакцина алу кезегін растау қажеттігін айтқан. Айтылған ақпарат сенімді көрінген, өйткені бірнеше күн бұрын қария шынымен екпе алу үшін кезекке тұрған.
«Растау үшін SMS-код келеді, соны айтып жіберіңіз», – деген өтініш алғашында күдік тудырмаған.
Арада көп уақыт өтпей қарияға тағы бір қоңырау түскен. Бұл жолы өзін Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкері ретінде таныстырған адам оның атына алаяқтар несие рәсімдеуге әрекет жасап жатқанын айтқан.
«Қазір сізге код жібереміз, барлық есепшотыңызды бұғаттап, қаражатыңызды қорғаймыз», – деген сөздер сенім ұялатып, көмек көрсетіп жатқандай әсер қалдырған.
Алайда тәртіп сақшыларының айтуынша, мұның бәрі алдын ала ойластырылған бір ғана алаяқтық схеманың бөлігі болған. Қаскөйлердің негізгі мақсаты – егде жастағы азаматтың сеніміне кіріп, жеке деректерін иемдену және ақшасын жымқыру.
Полицейлердің жедел әрекетінің арқасында алаяқтардың жоспары жүзеге аспай қалды. Құқық қорғау органдары қарияны Халыққа қызмет көрсету орталығына бірге апарып, қосымша қауіпсіздік шараларын қабылдаған.
Атап айтқанда, азаматтың электрондық цифрлық қолтаңбасының кілті ауыстырылып, алаяқтардың оның жеке және электрондық деректеріне қол жеткізуіне тосқауыл қойылған.
Полиция өкілдерінің айтуынша, соңғы уақытта мұндай алаяқтық схемалар барған сайын күрделеніп келеді. Қаскөйлер азаматтардың нақты өмірлік жағдайларын пайдаланып, шұғыл әрекет қажет деген жалған әсер қалыптастырады. Кей жағдайда бірнеше мемлекеттік органның атынан қатар хабарласуы мүмкін.
Тәртіп сақшылары азаматтарды бейтаныс адамдарға SMS-кодтарды, банк деректерін және жеке мәліметтерді бермеуге шақырды.





