Мамандар науқасқа аорталық қақпақшаны транскатетерлік әдіспен (TAVI) ауыстырған. Ерекшелігі – операция кеуде қуысы ашылмай, жүрек тоқтатылмай жүргізілген.
Дәрігерлердің айтуынша, аорталық стеноз – егде жаста жиі кездесетін және өмірге қауіпті дерттердің бірі. Уақтылы емделмесе, ол жүрек жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін. Ал 90 жастан асқан науқастарға дәстүрлі ашық операция жасау жоғары тәуекелмен байланысты.
Осыған байланысты мамандар қауіпсіз әрі тиімді әдіс ретінде аз инвазивті TAVI технологиясын таңдаған. Бұл тәсіл кезінде жаңа қақпақша сан артериясы арқылы енгізіліп, жүрекке жеткізіледі. Яғни, кеуде сүйегі кесілмейді және жасанды қан айналымы аппараты қолданылмайды.
Ангиохирург Арман Садықов операцияның сәтті өткенін айтты.
«Науқастың жасы – үлкен қауіп факторы. Соған қарамастан, қазіргі медицинаның мүмкіндіктері бізге осындай күрделі жағдайларда да тиімді көмек көрсетуге жол ашады. TAVI – бұл ауыр операциясыз өмір сүруге берілген мүмкіндік. Біз жақсы нәтижеге қол жеткіздік», – деді ол.
Ал басқарушы компанияның бас директоры Жұмағали Исмаилов мұндай операциялардың маңыздылығын атап өтті.
«Бұл – отандық медицинаның деңгейін көрсететін нақты нәтиже. Біздің мақсат – пациенттің жасына қарамай, барлығына сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмек қолжетімді болуы», – деді ол.
Науқастың туыстары да дәрігерлерге алғысын білдіріп, мұндай жаста күрделі ота жасалғанына таңданысын жеткізді.
Мамандардың айтуынша, TAVI бүгінде жүрек қақпақшасы ауруларын емдеудегі ең заманауи әрі тиімді әдістердің бірі саналады. Ол егде жастағы науқастарға өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.





