Аталған жоба шеңберінде Іле ауданында екі бірдей медициналық орталық салынды. Оның бірі Ащыбұлақ ауылдық округіне қарасты Көкқайнар ауылында орналасса, екіншісі «Береке» саяжай-кооперативі аумағында бой көтерді.
Жаңа нысандардың құрылысына «Капитал Строй Проект групп» компаниясы мердігерлік етті. Медициналық орталықтар заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, ауыл тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, өңірде әлеуметтік осал топтағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары да жалғасып жатыр.
Іле ауданы мен Қонаев қаласында бірқатар тұрғындарға жаңа пәтер кілттері табысталды. Бұл баспаналар жалға берілсе де, алдағы уақытта тұрғындардың оларды өз атына аударып алу мүмкіндігі қарастырылған.
Облыс орталығы Қонаев қаласындағы «Comfort» көппәтерлі тұрғын үй кешенінен 50 адам баспана алса, Іле ауданындағы «Galamat» тұрғын үй кешенінен 82 азамат жаңа үйге қол жеткізді.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрғындарды баспанамен қамту және әлеуметтік нысандар салу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.







