Заманауи технология мен өнер үйлескен кеште жүздеген дрон аспанда түрлі жарық композицияларын жасап, қала тұрғындары мен қонақтарына әсерлі көрініс сыйлады.

Кеш барысында сахнада концерттік бағдарлама да ұсынылып, жиналған жұртшылық көтеріңкі көңіл күйде уақыт өткізді. Шараға келгендер дрондардың синхронды қозғалысы арқылы жасалған жарық бейнелерін тамашалап, ерекше атмосфераға куә болды.
Қала тұрғыны Айдана Жақсылықованың айтуынша, мұндай форматтағы шоу Қонаевта алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
«Өте әсерлі болды. Аспандағы жарық бейнелерін көріп, ерекше көңіл күй алдық. Бойымыздағы патриоттық рухымызды оятты. Осындай заманауи шаралар қалада жиі өтсе екен деймін. Балаларға да, ересектерге де ұнады», – дейді ол.
Алматы облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Тұрымбетов шараның маңыздылығына тоқталды.

«Біздің еліміз үлкен бір тарихи кезеңде тұр. 15 наурыз күні біздің еліміз үшінші рет жаңа Ата заңды қабылдауға дайын. Бұған дейінгі Ата заңымыз егемендік алғаннан бастап бүгінгі күнге дейін өзінің миссиясын орындады. Ал енді ел өзгерді, әлем өзгерді, қоғам өзгеріп жатыр, адамның санасы өзгеріп жатыр. Соған байланысты жаңа Конституция керек. Ол еліміздің, экономикамыздың, қоғамның дамуы үшін маңызды», – деді ол.
Сондай-ақ, Алматы облысының Қоғамдық кеңесінің төрағасы Қазыбек Дауталиев:
«Бүгін Қонаевта референдумды қолдау мақсатында үлкен дрон-шоу өтіп жатыр. Дрон-шоуда көк туымыз, шаңырақ сияқты мемлекетіміздің жалпыұлттық нышандары айшықталды. Ол бойымыздағы патриоттық сезімдерге әсер етті. Президентіміз халықтың алдына осындай болашақты шешетін маңызды таңдауды ұсынып отыр. Сондықтан референдумнан қалыс қалмау керек», – деп атап өтті.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл мәдени-көпшілік шара қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер сыйлап, Қонаевтың туристік тартымдылығын арттыруға және жаңа Конституция жобасын қолдауға бағытталды.







