Видеода кәсіпорын қызметкерлері елдегі қоғамдық-саяси үдерістерді мұқият бақылап отыратыны және мемлекеттің болашақ дамуын айқындайтын маңызды шешімдерді қабылдауға азаматтардың қатысуы маңызды екенін атап өткен.
«Dolce» ЖШС директорының орынбасары Гүлдария Нұртазинаның айтуынша, кәсіпорын медициналық бұйымдар өндірісі саласында ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келеді және отандық өнеркәсіп пен денсаулық сақтау жүйесінің дамуына үлес қосып отыр.
«Біздің компания 1998 жылы құрылған. Осы уақыт ішінде кәсіпорын бірнеше кезеңдік жаңғыртудан өтіп, бүгінде стерильді медициналық жинақтарды өндіру және өткізу бойынша Қазақстандағы жетекші компаниялардың біріне айналды. Даму тәжірибесі тұрақты ілгерілеу үшін уақыт талабына сай жаңарып, заманауи тәсілдерді енгізудің маңызды екенін көрсетеді. Қазір компанияда 350-ден астам адам еңбек етеді. Біз мемлекет деңгейінде де мұндай үдерістер үнемі жетілдіруді қажет ететінін түсінеміз. Сондықтан әділеттілік, тұрақты даму және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға бағытталған жаңа Конституцияны талқылау мен қабылдау маңызды деп санаймыз», – деді ол.
Бүгінде кәсіпорын медициналық бұйымдар нарығында өз орны бар ірі өндірушілердің бірі саналады. Компания жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету кезінде қолданылатын бір реттік стерильді медициналық жинақтарды әзірлеп, өндіреді. Сонымен қатар мұнда түрлі медициналық бұйымдар, кәсіби шығын материалдары және арнайы медициналық киімдер шығарылады.
Кәсіпорынның өндірістік қуаты жыл сайын үлкен көлемде өнім шығаруға мүмкіндік береді. Зауытта шамамен 200 миллион шприц және 100 миллионға жуық түрлі медициналық бұйым өндіріледі. Олардың қатарында хирургиялық жинақтар мен гинекологияда қолданылатын пластикалық өнімдер бар.
Кәсіпорын өнімдерінің негізгі тұтынушылары – медициналық мекемелер, яғни ауруханалар, емханалар және мамандандырылған орталықтар. Сонымен қатар компания медициналық бұйымдар дистрибьюторларымен және жеке клиникалармен де ынтымақтастық орнатқан. Өнімдер Қазақстанның түрлі өңірлеріне жеткізіліп қана қоймай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстанға экспортталады.
Компания өкілдері кәсіпорын ұжымы үшін референдумға қатысу – саналы азаматтық таңдау екенін айтады.
Dolce компаниясы алдағы уақытта өндірісті жаңғыртуды жалғастырып, шығарылатын өнім түрлерін кеңейтіп, отандық медициналық бұйымдар өндірушісі ретінде өз позициясын нығайтуды жоспарлап отыр.





