Турнирге тірек-қимыл аппараты зақымданған, сондай-ақ көру және есту қабілеті бұзылған 40-қа жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жарыс барысында спортшылар еркін стильдегі жеке жарыс және спринттік қашықтықтар бойынша бақ сынады. Қашықтықтар қатысушылардың жасы мен функционалдық санатына қарай 800 метрден 5 шақырымға дейін белгіленді.
Парашаңғы спорты әрбір қатысушыға жеке тәсілді талап етеді. Көру қабілеті бұзылған спортшылар жарыс жолын арнайы жетекшінің көмегімен бағындырды. Ал тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар түрлі функционалдық санатта, кейбірі арнайы спорттық құралдарды пайдаланып өнер көрсетті. Барлық нәтижелер арнайы коэффициенттер арқылы есептеліп, жарыстың әділ әрі объективті өтуі қамтамасыз етілді.
Алматы облысында мүмкіндігі шектеулі жандар спорты дирекциясының директоры Мерей Айнеков паралимпиадалық спорт ең алдымен ерік-жігер мен табандылықты талап ететінін атап өтті.
«Паралимпиадалық спорт – ең алдымен мінез. Мұнда тек физикалық дайындық жеткіліксіз. Ерік-жігер, сабыр және ішкі тәртіп қажет. Бүгін біз спортшылардың соңғы метрге дейін күрескенін көрдік. Осындай турнирлер болашақ чемпиондарды қалыптастырады», – деді ол.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдар және грамоталармен марапатталды.
Көру мүшелері зақымданған спортшылар арасында:
Қыздар:
🥇 Берикбек Сабина (Талғар ауданы)
🥈 Мұса Айнур (Талғар ауданы)
🥉 Дауренқызы Перизат (Қарасай ауданы)
Әйелдер:
🥇 Юсупова Меруерт (Талғар ауданы)
🥈 Еріс Жұлдыз (Талғар ауданы)
🥉 Танатова Айша (Жамбыл ауданы)
Ұлдар:
🥇 Танирберген Альтаир (Талғар ауданы)
🥈 Амангелді Ансар (Талғар ауданы)
🥉 Даурен Нұрали (Қарасай ауданы)
Ерлер:
🥇 Қожагұлов Урманғали (Кеген ауданы)
🥈 Ахметжанов Данияр (Қарасай ауданы)
Есту мүшелері зақымданған спортшылар арасында:
🥇 Фарахат Талқанбаев (Қарасай ауданы)
Тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында:
🥇 Сергей Савинных (Қарасай ауданы)
Алматы облысының парашаңғы жарыстары бойынша жаттықтырушысы Нұржан Маңғожаев жарыстың басты мақсаты – өңірде паралимпиадалық шаңғы спортын дамыту және мүмкіндігі шектеулі спортшыларды қолдау екенін айтты.
Оның сөзінше, жарыс қорытындысы бойынша наурыз айының соңында Щучинск қаласында өтетін Қазақстан чемпионатына қатысатын облыс құрамасы жасақталады.
Мамандардың айтуынша, мұндай жарыстар өңірде инклюзивті спорттық ортаны дамытуға ықпал етіп, спортшылардың мүмкіндігін кеңінен көрсетуге мүмкіндік береді.





