Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күн сайын республикалық трассаларда профилактикалық іс-шаралар жүргізуде.
Ведомство мәліметінше, әсіресе жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін қауіпті учаскелерге ерекше назар аударылады. Қызмет барысында заманауи технологиялар кеңінен қолданылып, ұшқышсыз ұшу аппараттары жолдағы ахуалды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беруде. Дрондардың көмегімен жол қозғалысы қағидаларын бұзу деректері анықталып, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге жағдай жасалған.
Полиция өкілдерінің айтуынша, жоғары технологиялық құралдарды қолданудың басты мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу. «Әрбір жол апаты – жай ғана статистика емес, ол – адам тағдыры, азаматтардың денсаулығы мен өмірі», – деп атап өтті департаментте.
Сондай-ақ ведомствода жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі бағыты жазалау емес, құқықбұзушылықтардың алдын алу екені айтылды. Жылдамдық режимін сақтау, арақашықтықты ұстану, басып озу қағидаларын орындау және жол қозғалысына қатысушылардың өзара құрметі – қауіпсіздіктің басты кепілі.
Алматы облысының полициясы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жауапкершілік танытып, Жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға шақырды. Құзырлы орган өкілдері жолдағы қауіпсіздік әрбір қатысушының саналы әрекеті мен тәртібіне байланысты екенін еске салды.



