Синоптиктердің мәліметінше, Қазақстан аумағының басым бөлігінде солтүстік-батыс антициклон сілемінің әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Ал республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын күтіледі. Кей жерлерде жауын-шашынның қарқыны күшеюі мүмкін.
Мамандар республика бойынша желдің күшеюі мен тұман болатынын ескертті. Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде көктайғақ пен жаяу бұрқасын болжанып отыр.
Синоптиктер алдағы күндері ауа температурасы біртіндеп жылынатынын да болжайды. Батыс өңірлерде түнгі температура 15–25 градус аяздан 2–12 градус аязға дейін көтерілсе, күндіз 5–15 градус аяздан 5 градус аяз бен 5 градус жылуға дейін өзгереді.
Солтүстік және солтүстік-батыс аймақтарда түнде 20–31 градус аяздан 15–25 градус аязға дейін, ал күндіз 15–22 градус аяздан 5–13 градус аязға дейін жылыну күтіледі. Орталық өңірлерде түнгі ауа температурасы 20–31 градус аяздан 12–23 градус аязға дейін жоғарылап, күндіз 10–20 градус аяздан 1–12 градус аязға дейін өзгереді.
Ал шығыс аймақтарда керісінше, түнгі уақытта суық күшейіп, ауа температурасы 13–23 градус аяздан 25–33 градус аязға дейін төмендеуі мүмкін.





