Осыған байланысты жедел штаб құрылып, коммуналдық қызметтер түнгі уақыттан бастап күшейтілген жұмыс режиміне көшірілген.
Куәгерлердің айтуынша, дауыл 8 ақпан күні шамамен сағат 20:00-де басталып, 9 ақпан таңғы 9:00-ге дейін басылмаған. Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде қатты желдің салдарын көрсететін фото және видеоларды белсенді түрде жариялап жатыр.
Жел басылғаннан кейін қала тұрғындары көшеге шыққанда, айтарлықтай қирауларды байқаған.
«Апокалипсис болғандай әсер қалдырды. Көп автокөліктер зақымданған, кейбір ғимараттардың терезелері сынған, шатырлар, ағаштар, тіпті шамдар құлаған. Жаңбыр жаууы мүмкін болғандықтан, барлығын тез арада қалпына келтіру қажет. Әлі жарық жоқ, жылу толық берілмеген, балалар онлайн оқуға көшірілді», – дейді куәгерлер.
Қала әкімдігінің мәліметінше, дауыл салдарынан инженерлік желілерде апаттық жағдайлар тіркелген. Қатты жел тұрғын үйлердің шатырлары мен жеңіл конструкцияларды зақымдаған. Түнгі уақытта құлаған ағаштар мен конструкция элементтерін тазалау жұмыстары жүргізіліп, бұл жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.
Сондай-ақ кейбір шағын аудандарда электр энергиясы уақытша өшкен, қазіргі таңда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қауіпсіздік мақсатында 1–11 сынып оқушылары толықтай қашықтан оқыту форматына көшірілген.
Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандарымен кеңес өткізіп, дауыл салдарын жою бойынша нақты тапсырмалар берген. Әкімдік өкілдері зардап шеккен тұрғындарға заң аясында көмек көрсетілетінін атап өтті.
Билік өкілдері тұрғындарды сабыр сақтауға және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырып отыр. Барлық төтенше жағдайлар мен оқиғалар туралы «109» бірыңғай байланыс орталығына хабарлау қажет.
Ал Қазгидромет мәліметінше, қолайсыз ауа райы күндізгі уақытқа дейін сақталуы мүмкін.





