Құжат бойынша Үштөбе қаласының Амангелді көшесі былтыр орташа жөндеу көрген. Бірақ компания бөлінген 21 миллионнан аса теңгені жаратып үлгерген. Компания тас жолды қырған қалпы тастап кеткен. Қазір ойылып, ойдым-ойдымы шығып жатыр.
«Үштөбе қаласының үш көшесіне онлайн мониторинг жүргізіп ашық ақпарат көздерінен бірнеше заңбұзушылықты анықтадық.
Мәселен, Гагарин көшесінің жағдайы да сын көтермейді. Көшенің қақ ортасында терең шұңқырлар, ал жолдық шеттері үгітіліп жатыр. Амангелді мен Гагарин көшесінде жөндеу жұмыстарының аяқталғанына 2 жыл да болмаған. Орташа есеппен алғанда Қазақстанда жолдардың кепілдік мерзімі 2 жылды құрайды», – дейді Алматы облысы бойынша «Әділдік жолы» РҚБ филиал жетекшісі Дәулет Кулумбаев.
Тұрғындардың жол азабын тартып келе жатқанына біраз жылдай уақыт болған. Тіпті ауыр техникалар жүріп кей жерді одан бетер езіп жібергенҚала халқы қызықтың көкесі жаңбыр жауғанда болатынын айтады.
«Ең қызығы Қаблиса Ақын көшесінде байқалды. Осы жақында салынған асфальттың үсті тесік-тесік, ал кей жерінде бетіне тасқұмы шығып жатыр. Тіпті асфальт салар алдында астын дайындамай, түзулемей сала салған жерлерін де байқадық», – деді Дәулет Кулумбаев.
Ауыл тұрғындары «бұл көшеге сапасыз құрылыс материалдарын төсеп, өз жұмысын дұрыс атқармай, жолға бөлінген қаржыны жеп қойды», – деп, мердігер компания өкілдерін кінәләп отыр.
Бірақ жол бойындағы кемшіліктер қашан ретке келетіні әлі шенеуніктерге де белгісіз. Сондықтан тұрғындарға әзірге қауіпті жолмен қатынай тұруға тура келеді.