Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстанда бұл диагнозбен шамамен 500 мың адам өмір сүреді. Аталған дерт бір реттік емдеуді емес, тұрақты бақылауды талап етеді. Ол талдаулар тапсыруды, дәрігер кеңестерін және емді түзетуді қамтиды.
Осылайша, 2026 жылдан бастап қант диабеті бар науқастарға барлық жоспарлы қабылдаулар, қажетті тексерулер мен дәрі-дәрмектер қосымша төлемсіз көрсетіледі. Басты шарт – МӘМС жүйесінде сақтандырылған болу.
Сонымен қатар, мәртебе алу үшін соңғы 12 ай қатарынан жарналардың төленуі қажет. Өзін-өзі төлеушілер ай сайын 4 250 теңге, жылына 51 000 теңге төлейді.
МӘМС жүйесіндегі мәртебені тексеруге болады:
Telegram желісіндегі SaqtandyryBot;
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының msqory.kz сайты;
Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы;
eGov.kz сайты немесе eGov mobile мобильді қосымшасы;
сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің кейбір мобильді қосымшалары арқылы.
Бұл өзгеріс қант диабетімен ауыратын науқастардың медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттырып, емдеуді қолжетімді әрі тұрақты етеді.





