Жастардың шығармашылық әлеуетін ашу және олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру — мемлекеттік жастар саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Осы мақсатта Алматы облысы Жастар ресурстық орталығы ерекше қажеттілігі бар жастарға арналған облыстық «Samga» өнер байқауын алғаш рет ұйымдастырды.
Жоба мүмкіндігі шектеулі болса да, арманы мен талпынысы шексіз жас таланттарды бір алаңға жинап, олардың өнерін көпшілікке танытуға мүмкіндік берді. Байқаудың басты мақсаты — ерекше жастардың шығармашылығын қолдау, олардың өзіне деген сенімін арттыру және жаңа мүмкіндіктерге жол ашу.
Байқау екі номинация бойынша өтті: қолөнер және сахналық өнер. Өңірдің әр ауданынан келген 12 команда өздерінің жасампаздығын ортаға салып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қатысушылар қолдан жасаған бұйымдар, ұлттық нақыштағы туындылар, ән, би және театрланған қойылымдар арқылы шексіз таланты мен табандылығын көрсетті.
Шара барысында ерекше жастардың өнері көпшіліктің көңілін толқытып, қатысушылар мен көрермендер тарапынан алғыс пен қуаныш сөздері көп айтылды. Ұйымдастырушылар байқауды жыл сайын тұрақты түрде өткізіп, қатысушылар санын арттыруды жоспарлап отыр.
Жеңімпаздар қаржылай сыйлықтармен және естелік марапаттармен марапатталды, ал барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Байқау қорытындысы бойынша:
I орын – Жамбыл ауданының «Rakhym» тобы;
II орын – Алатау қаласының «Алатау гүлдері» тобы;
III орын – Қонаев қаласының «Қамқор жүрек» тобы иеленді.
«Samga» — бұл тек өнер додасы емес, ерекше жандардың өмірге деген құлшынысын, арманға деген сенімін күшейтетін әлеуметтік маңызы бар жоба. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қоғамның әрбір азаматы ерекше жастарға қолдау көрсетіп, олардың толыққанды өмір сүруіне жағдай жасауға атсалысуы қажет.





