Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялаған болатын. Осы бастаманың аясында ел экономикасының тірегі саналатын өндіріс саласының өкілдері қоғам тарапынан лайықты құрметке ие болуда.

Осыған орай Республика күні қарсаңында “Бент” компаниялар тобының бірқатар қызметкерлері Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталды.

Салтанатты шара барысында 6 қызметкер — ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, 6 қызметкері — ҚР Көлік министрлігінің,, 5 қызметкер — Алматы облысы әкімдігінің және тағы 7 қызметкер «Қазақстан темір жолы» ҰК-ның Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Іс-шарада құттықтау сөз сөйлеген «ФирмаБент» ЖШС президенті Дінмұхамед Кузиев ұжымның еңбегі мен табандылығына ерекше тоқталды:

“Құрметті әріптестер, баршаңызды Республика күнімен құттықтаймын. Соңғы жылдары біздің зауытта үлкен өзгерістер болып жатыр. Жаңа жобалар, жаңа өндіріс, жаңа адамдар қосылып жатыр. Бәріміздің мақсатымыз бір – ел экономикасына үлес қосу, қоғамға пайдамызды тигізу. Бүгін сіздердің адал еңбектеріңіз облыс әкімдігі мен министрліктер тарапынан мойындалып, Құрмет грамоталарымен марапатталып отыр”, – деді ол.
Марапат иелерінің арасында «Автоклав KZ» ЖШС бетон дайындау цехының слесары Асланхан Алмасханұлы да бар.

“Мен бұл ұжымда 2015 жылдан бері жұмыс істеймін. «Бент» мен үшін екінші үйімдей болып кетті. Түнгі ауысымнан шыққан соң таңертең осындай қуанышты хабарды естіп, қатты толқып тұрмын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе”, – деп өз әсерімен бөлісті Асланхан Алмасханұлы.
Сондай-ақ, «Автоклав KZ» ЖШС операторы Айгерім Сидикова да марапатқа ие болды.

“Жұмысым өзіме ұнайды. Басшылар да, ұжым да өте жақсы. Біз кірпіш шығарамыз, сапасын арттыру үшін күн сайын түрлі тәжірибелер жасаймыз. Мұндай марапат болатынын күтпедім, бөлім басшысының жетекшілігімен осындай жетістікке жетіп отырмыз Бұл марапат – бүкіл бөлімнің еңбегінің нәтижесі”, – деп бөлісті ол.
Салтанатты жиын еңбек адамдарының қоғамдағы мәртебесін арттыру мен олардың үлесін мойындауға бағытталған жылы жүздесуге айналды.




