Өндірістік аймақтың ашылу салтанатына кәсіпкерлік өкілдері, инвесторлар, жергілікті атқарушы органдар және өңір тұрғындары қатысты. Индустриялық аймақтың жер көлемі 900 гектарды қамтиды. Негізгі қызмет түрлері: металлургия және металл өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру, машина жасау және өнеркәсіптік жабдықтар өндірісі, жүктерді сақтау. Жоба 2027-2029 жылдары іске асырылады.

Ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, барша қауымды жаңа индустриялық аймақтың ашылуымен құттықтады. Оның айтуынша, бұл өңірдің ғана емес, еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылдың 8 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Өңдеуші өнеркәсіптің дамуына жаңа серпін беретін уақыт келді», – деп атап өтті. Президент өз сөзінде Алматы, Қостанай, Қарағанды және Атырау облыстарында ірі машина жасау және металлургия кәсіпорындарының іске қосылғанын мысал ретінде келтірді. Алайда бұл атқарылған жұмыстар жеткіліксіз екеніне тоқталып, экономиканы әртараптандыруды жеделдету қажеттігін ерекше атап өтті. Осы тұрғыда, басты басымдық – ішкі және сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім өндіру ісіне беріліп отыр. Бүгінгі ашылып отырған индустриялық аймақ – дәл осы мақсаттарға қол жеткізудің нақты үлгісі болмақ және өңір экономикасының жаңа серпініне айналарына сенімдімін», — деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, индустриалды аймақты құру бастамасын алғашқылардың бірі болып қолдаған инвесторлар мен серіктестерге айрықша алғыс білдірді және алдағы уақытта да облыс әкімдігі кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп, инфрақұрылымды дамытып, бизнес жүргізу үшін ең қолайлы жағдай жасайтынын жеткізді. Оның айтуынша, заманауи индустриалды аймақтың құрылуы жаңа инвестициялар тартуға, өндірістік секторды кеңейтуге және жұмыс орындарын ашуға зор серпін береді. Мұнда инновациялық жобалар жүзеге асырылып, бәсекеге қабілетті өнім өндіріліп, экспорттық әлеует қалыптаспақ.

Қазіргі уақытта, «Қазыбек бек» индустриалды аймағына 11 қатысушы тартылып, жалпы құны 454 млрд теңгенің инвестициясы құйылды. Соның нәтижесінде 2495 жұмыс орны ашылады.
Салымшылардың бірі — «KAZAKZSTANYULIN IRRIGATION EQUIPMENYT» ЖШС жобасының жетекшісі әрі бас директордың орынбасары Серікжан Болатұлы Нұрсейітов өндіріс ошағын құруға қолдау көрсеткен Алматы облысының әкімдігіне алғыс білдіріп, жобаның болашағына сенімді екенін айтты.

«Бізге жер учаскесін берген Алматы облысының әкімдігіне алғыс айтамыз. Біздің жоба ауыл шаруашылығы техникасының кең спекторын шығаратын заманауи зауыт болады. Мұнда өсімдік шаруашылығы техникалары, жаңбырлатып суару машиналары, мал шаруашылығы техникасы, сұйық және қатты тыңайтқыштарға арналған жабдықтар және жоңышқаны ұнтақтауға арналған арнайы машиналар және т.б. шығарылады. Зауыт заманауи технологиялармен жабдықталады. Жылдық қуаттылығы 500 ауыл шаруашылығы техникасын шығаруға жетеді. Бұл өнімдерді енгізу шаруалардың импортқа тәуелділігін азайтады. Сонымен қатар, өнімділікті арттырып, мүмкіндікті көбейтеді. Біз бұл жобаның облыс индустриясындағы маңызды қадам болатынына және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне үлкен үлес қосатынына сенеміз», — деп атап өтті Серікжан Болатұлы.

Бүгінде облыстың инвестициялық портфелінде жалпы құны 6,3 трлн теңгені құрайтын 229 жоба бар. Ал 2025 жылы 302,7 млрд теңге көлеміндегі 35 жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және инфрақұрылым салаларын қамтитын жобалар. Олардың барлығы өңірдің дамуына айтарлықтай үлес қосуда.

Айта кетейік, Алматы облысы – Қазақстандағы ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Қытай және Қырғызстанмен шектесетін қолайлы географиялық орналасуы, дамыған көлік-логистикалық инфрақұрылымы мен қолайлы инвестициялық ахуалы тұрақты өсімге жол ашып отыр.





