Дода 19 қыркүйекте Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің базасында өтті.
Байқаудың мақсаты – сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету, колледждердің орнықты дамуына қолдау көрсету және үздік оқу орындарын анықтау.

Жарысқа 10 оқу орны қатысты. Бірінші кезеңде қатысушылардың кәсіби жетістіктерін айқындайтын портфолиосы сарапқа салынды. Қазылар алқасы колледждердің басқару жүйесі, материалдық-техникалық базасы, цифрлық инфрақұрылымды дамытуы, бизнес-қоғамдастықпен байланысы және оқытудың үздіксіздігі сияқты көрсеткіштерге баса назар аударды. Сондай-ақ, әдістемелік қызметтегі жаңашылдық, педагогикалық құрамның әлеуеті мен тәрбиелік жұмыстардың өзектілігі ескерілді.

Екінші кезеңде колледждер «Табысты білім беру ұйымының заманауи моделін» қорғап шықты.
Қазылар алқасының құрамына «Аманат» партиясының Алматы облыстық филиалының өкілдері мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мамандары кірді.

Байқаудың бас жүлдесін облыс әкімі тағайындады. Оның жүлде қоры – 500 мың теңге. Екінші орын иегерлеріне 500 мың теңге (екі оқу орнына 250 мыңнан), үшінші орынға 450 мың теңге (үш колледжге 150 мыңнан) бөлінді. Сонымен қатар, үш колледж арнайы номинацияларға – «Инновация шеберханасы», «Жетістік жолында», «Жаңашыл колледж» атақтарына ие болды.
Бас жүлде иегері 5 қазан – ұстаздар күні мерекесінде облыс әкімі қолынан марапат алады.





