«Алдымен жоқ қылады содан кейін барып бағаны көтереді. Ал оны көтергеннен кейін не болады? Таситын жүк қымбаттайды. Анау поляда қаншама комбайн жүр, оның бәрі қазір бидай шабу керек. Қызылша жинау керек. Қанттың жоқ екенін өздеріңіз көріп отырсыздар. Дәл осындай жиын-терін кезінде қалай алсаң да аласың солярканы, осыны біліп әдейі жасалып отырған дүние. Бұл халыққа жасалған қастандық деп ойлаймын», – дейді жүргізуші Марат Имағанбетов.
Жағармай іздеген жүргізушілер Алматыға қарай шыға берістегі бекетке де барып көрді. Бірақ онда да дизель тек талонмен беріліп жатыр. Қалтасында ақшасы бола тұра сұйық отын таба алмағандар енді не істерін білмей дал. Жүргізушілердің жан айқайын шаһар басшысы тыңдады. Ол қалалықтарға талон алып беру үшін кәсіпкерлермен кездесетінін айтты.
«Тізім жасайық қазір. Тізім бойынша жанармай бекеттерінің иелерімен сөйлесеміз да Талдықорғанның ішіндегі жиырмасына дейінгі аралықта үкімет шаралар қабылдап жатыр ғой. Жиырмасына дейін талонды жеке жүргізушілерге алып беру бойынша сол шараны қолданып көрейік», – дейді қала әкімі Әсет Масабаев.
Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы сұраныс күрт көбейгеннен қоймадағы дизель қоры азайды. Сол себепті осындай жағдай туындады деп отыр.
«Қазір Жетісу облысында мың тоннадай бар. Дизельный топливо. Сол қазіргі таңда энергетика министрлігімен жиналыс өткізіп, олармен сөйлескен кезде біздің жаққа, Жетісу өңіріне 610 тонна солярка келіп түсті. Тағы да жолда 400 тонна», – деді басқарма басшысы Диас Серікұлы.
Аталған дизель екі күнде жеткізіледі. Сол кезде сұйық отын бекітілген мөлшерде болса да беріле бастайды, дейді жауаптылар. Ал оған дейін қаладан шыға алмай қалған жүргізушілерге амалдай тұруына тура келеді.