Қажылыққа баратындардың айтуынша, 30 маусым күні әуежайда жолығатын боп келісіпті. Ал уәделі күні межелі орынға келген жолаушылар тосынсыйға тап болған. Яғни, тура ұшаққа мінерде бірде-бірінің билеті жоқтығы анықталыпты. Содан бері олар қаржысын қайтара алмай, кәсіпкердің кеңсесін күзетіп жүр. Соның бірі Жетісу облысының тұрғыны Дәулеткелді Жеңісұлы.
«Бірі күні айтады «бүгін рейс жоқ, екісі күні ұшамыз» дейді. Сосын екісі күні сағат онда жиналыңдар дейді. Екісі онда жиналамыз. Барлық қажылар ұшып жатыр, тек қана осы біз мұндағы 20 адам ұшпай қаламыз, бізге келеді де айтады, «бүгін ұшпайсыздар, билет жоқ», – дейді Жетісу облысының тұрғыны Дәулеткелді Жеңісұлы.
Айтуынша, аз күнде ниет білдірген жиырмадан астам қажы 2 миллион 200 мыңнан шығарып, төлқұжаттарын өткізген. Уәде беріп, ақша жинап, жеме-жемге келгенде билет жоқ деп жалтарған кісі Ерлан Әбдіқасымов дейді наразы топ. Ол «Er-Ali-Co» серіктестігінің басшысы екен. Көпшіліктің сөзінше, кәсіпкер шілденің бесі кеңседе күтемін деп сөз берген. Ал жиында әр қажыға тиісті қаржысы қайтарылатынын айтыпты. Тіпті он күннен соң кіші қажылыққа тегін апармақ болғанын айтады жиналғандар. «Ол кісі ақша іздеп жатырмын, ақша беремін, әне беремін, бүгін беремін, ертең беремін, күте тұрыңыздар», дейді, жай сөз ғана, ешқандай әрекет жоқ. Ал бүгін елдің түкпір-түкпірінен жиналған жұрт кеңсеге келіп, «тосынсыйға» тағы тап болып отыр. Өйткені мұнда бұрнағы күннің жұрнағы да жоқ.
«Кеңсе иесі түгілі, компания атауы жазылған маңдайша да алынған. Есік құлыпталған», – дейді Жетісу облысының тұрғыны Марат Уалиев.
Десе де, серіктестік басшысы телефонын көтеріп, сол кеңседе қайта жолығуға шақырды.
«Екі мың доллардан қайтарған. Енді қазір қалған қаржылардың бәрін қайтарады. Бөліп-бөліп тастайды. Жиырмасына, одан кейін айдың аяғына дейін толық жабады бәрін. Толық қайтарылады», – дейді «Er-Ali-Co» ЖШС басшысы Ерлан Әбдіқасымов.
Компания басшысы алданып қалдық деген елдің ақшасы айналасы он күнде өтеледі деді. Ал серіктестік өкілінің сөзіне нанбайтынын айтқан наразы топ жоспардың орындалмай қалғанына ашынады.