Бұл орталық асқазан-ішек жолдары, тыныс алу жүйесі және басқа да ағзалар ауруларын диагностикалау мен емдеудің сапасын едәуір арттыруға бағытталған.

Эндоскопия – хирургиялық араласусыз ішкі ағзаларды зерттеуге мүмкіндік беретін дәлдігі жоғары аспаптық диагностика әдісі. Жаңа орталық конаевтықтарға және облыс тұрғындарына бұған дейін тек ірі республикалық клиникаларда қолжетімді болған заманауи технологияларға жол ашады.

Эндоскопиялық орталықтың меңгерушісі, Ресей Федерациясында осы бағыт бойынша оқудан өткен дәрігер Шкуралиев Тахир Закирович жаңа жабдықтың арқасында эндоскопиялық және рентгенологиялық зерттеулерді біріктіруге мүмкіндік туатынын атап өтті.
Бұл өз кезегінде жоғарғы асқазан-ішек жолдары, өт жолдары, ұйқыбез ауруларын дер кезінде анықтап, тиімді емдеуге жол ашады. Сондай-ақ эндоскопиялық гемостаз, полипэктомия сияқты жарақаты аз процедураларды орындау мүмкіндігі де бар.

Ашылу салтанатына Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов, жетекші медициналық мамандар және БАҚ өкілдері қатысты.

Орталыққа пациенттер учаскелік дәрігерлер мен емханалар мамандарының жолдамасы арқылы қабылданады. Барлық процедуралар мемлекеттік сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес жүргізіледі.

«Бүгін біз үшін өте қуанышты күн. Себебі, Алматы облысының тұрғындары үшін заманауи әрі сапалы медицина қолжетімді болды. Бүгінгі Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының базасында ашылып отырған орталықтың мамандары еліміздегі және шетелдердегі ғылыми институттарда арнайы білім алған. Осы құрылғылар арқылы өңір тұрғындарының денсаулықтарында туындаған ауытқуларды қатерлі ісікке жеткізбей ерте анықтаймыз. Жабдықтар заманауи, сапалы болғандықтан халық тексеру нәтижесін ұзақ күтпейді. Нәтижесінде онкологиялық ауруларды алдын-ала ерте анықтауға мүмкіндік туады», — деп атап өтті Алматы аймақтық көпсалалы клиниканың директоры, Алматы облысының штаттан тыс бас дәрігері Саяхат Олжаев.
Айта кетейік, облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жыл соңына дейін тағы үш ауданда осындай орталықтың ашылуы жоспарланып отыр.






