Аурухана директоры Айман Ракишеваның айтуынша, бүгінде мекемеде 325 төсек-орын жұмыс істеп тұр. Оның 250-і тәулік бойы, ал 75-і күндізгі стационарға арналған. Құрылымында травматология, хирургия, балалар бөлімі, терапия, перзентхана және реанимацияны қоса алғанда 8 бөлімше бар.

«Жаз мезгілінде науқастар саны күрт артады, осыған байланысты медицина қызметкерлеріне түсетін жүктеме де күшейеді. Бұған қоса республикалық тас жол мен теңіз маңындағы жағдай қосымша қиындықтар туғызады. Ауыр халдегі науқастар жиі түседі. Дегенмен, заманауи құрал-жабдықтармен 95 пайыз қамтамасыз етілуіміздің және дәрігерлеріміздің жоғары біліктілігінің арқасында біз тәулік бойы жұмысымызды тоқтатпай атқарып келеміз», – дейді Айман Ракишева.

Қаладағы басты аурухана көпсалалы мекеме болып қана қоймай, өңірдің өзге аймақтарына да қолдау көрсетуде. Оның құрамында 3 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт және 3 медициналық пункт бар. Барлығы Денсаулық сақтау министрлігінің талаптарына толық сай жабдықталған.

Директордың айтуынша, бүгінде ең өзекті мәселелердің бірі – вакцинация.
«Мен осы мүмкіндікті пайдаланып, ата-аналарды балаларға екпе жасатуға шақырғым келеді. Вакцинация – инфекциялық аурулардың алдын алудың ең тиімді жолы. Ол балалардың өміріне қауіп төндіретін қатерлі дерттерден қорғайды», – дейді ол.


Бұл жерде тек ем жүргізбейді – мұнда адамдарды құтқарады, үміт сыйлайды, сауығу жолында жан-жақты қолдау көрсетеді. Сондықтан да науқастар бұл мекемеге шарасыздықтан емес, шынайы сеніммен келеді. Себебі, мұнда денсаулық – жай міндет емес, ең жоғарғы құндылық.
Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасы – сенім мен жаңашылдық, мейірім мен кәсібилік тоғысқан орта. Мұнда әрбір күн дәрігерлердің жанкешті еңбегімен өлшенеді. Олар мемлекеттік медицинаның да заманауи әрі қуатты бола алатынын дәлелдеп келеді.





