Қазақстанда 53 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды alataunews.kz.
Қостанай облысының прокуратурасы Жер заңнамасының сақталуына жүргізілген талдау барысында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы алқаптарын анықтады. Мысалы, Қостанай қаласында бір кәсіпорынға конкурстық рәсімдерден өтпей, кадастрлық құны 254 миллион теңгеден асатын 15 гектар жер заңсыз берілген.
Қадағалау актісі негізінде бұл жер учаскесі мемлекетке қайтарылды.
Сондай-ақ Жітіқара ауданында қадағалау шаралары арқылы жалпы ауданы 1 мың гектардан асатын, кадастрлық құны 39 миллион теңгеден асатын ауыл шаруашылығы жерлері, 3 жылдан бері пайдаланылмай келгендіктен, мемлекетке қайтарылды.
2024 жылдың басынан бері прокурорлық шаралар нәтижесінде жалпы құны 1,2 миллиард теңгеден асатын 53 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.