Дрондар жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жоғары тиімді құрал ретінде танылды. Заманауи камералармен жабдықталған бұл аппараттар жол ережелерінің бұзылуын нақты уақыт режимінде бақылап, күрделі учаскелерді бақылауға және ақпаратты дереу полицияға жіберуге мүмкіндік береді.
20 шақырымға дейінгі ұшу қашықтығы магистральдар мен қолжетімсіз аймақтарды толықтай әуеден патрульдеуге жол ашады. Министрлік мәліметінше, дрондардың көмегімен жол қозғалысы ережелерінің алты мыңнан астам бұзушылығы анықталған.
Әуеден үздіксіз бақылау жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және ықтимал қауіпті жағдайларға жылдам әрекет етуге септігін тигізіп отыр.
Концерттер, спорттық жарыстар, мерекелік шаралар сияқты адам көп жиналатын жерлерде дрондар бақылаудың маңызды элементіне айналды. Камералар адамдардың шоғырланған аумақтарын қадағалап, күмән тудыратын әрекеттерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Әуе арқылы мониторинг жасау полиция жасақтарын нақты учаскелерге жедел бағыттауға мүмкіндік береді, бұл қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді едәуір жеңілдетеді.
Дрондар тергеу әрекеттерінде, жоғалған адамдарды іздеу кезінде, оқиға орнын қарау және қылмыс іздерін құжаттандыру барысында белсенді қолданылып келеді. Аэрофототүсірілім мен нақты уақыттағы бейнебақылау дәлелдемелердің сапасын арттырып, тергеу процесін жеделдетеді.
ІІМ Шымкент қаласында өткен «Қарасора» және «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шараларын мысал ретінде келтіреді. Синтетикалық есірткі сатты деген күдікке ілінген 44 жастағы әйелдің қозғалысы дрон арқылы бақыланып, күдікті қылмыс үстінде ұсталған. Көлігінің жүк салғышынан екі келіден астам есірткі табылған.
Пилотсыз ұшу аппараттарын қолдану Ішкі істер министрлігінің цифрлық трансформация бағдарламасының маңызды элементіне айналды.
Дрондар — жаңа технология ғана емес, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін арттыру және қылмыстарды ашу ісінде нақты практикалық тиімділігі дәлелденген құрал.
ІІМ өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта дрондарды қолдану аясы кеңейтіліп, полиция қызметінің барлық бағыттарына кезең-кезеңімен енгізілетін болады.






