Қазақстанда уақыт белдеуінің өзгеруінің халыққа әсерін зерттеуге миллиондаған қаражат бөлінеді, деп хабарлайды alataunews.kz.
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәжіліс кулуарында айтты.
«Үш жылдық бюджет өтінімінде сома 160 млн теңгені құрады. Бірақ іс жүзінде бұдан аз қаржы жұмсалады. Менің ойымша, шамамен 90-100 млн теңге кетеді. Өйткені біз жақын арада конкурс жариялаймыз, содан кейін ұлттық ғылыми кеңес нақты құнын анықтайды», – деді министр.
Сонымен қатар, Саясат Нұрбек қерттеудің қалай өтетінін түсіндірді.
«Алгоритмді егжей-тегжейлі білмеймін. Конкурсқа бірнеше институт – физиология, география және т. б. қатысады. Онда сауалнама тәсілімен емес, нақты зерттеулер жүргізілуі мүмкін», — деп атап өтті ол.
Бұл ретте Саясат Нұрбек мұның қисынсыз шығын деген пікірмен келіспейтінін білдірді.
«Қоғамдық өтініш келіп түсті, сондықтан біз жауап беруге мәжбүрміз. Денсаулық сақтау министрлігі осындай бастаманы көтерді, біз грант беруші ұйым ретінде қолдадық. Бұған дейін зерттеу жүргізілді, халықаралық ұйымдарды тарта отырып, 60 сарапшыдан тұратын арнайы ведомствоаралық жұмыс тобы осымен айналысты», — деп қорытындылады ол.