13 қыркүйекте V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы 44 алтын, 33 күміс, 37 қола жүлдемен жалпы командалық есепте бірінші орын алды, деп хабарлайды alataunews.kz.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аяқталып, Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 44 алтын, 33 күміс, 37 қола медальмен бірінші орынға ие болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының соңғы күнінде Бақыт Төлтай теңге ілудің жеті құт стилінен алтын медальді жеңіп алса, құсбегіліктен өткен ақтық сында Серікбек Күнтуған бүркіт салудан алтын жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, Ержан Байқадамов күміс, Арман Қошқаров қола медальді иеленді. Қырғызстанның ұлттық ойыны ордодан ақтық сында Қазақстан құрамасы 96:18 есебімен Қырғызстаннан жеңіліп, күміс жүлде алды. Түрік халқының зияткерлік ойыны мангаладан әйелдер арасында Құндыз Есіркеп алтын жүлдеге қол жеткізді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы 44 алтын, 33 күміс, 37 қола медальмен жалпы есепте көш бастап, бірінші орынға шықты. Қырғызстан 18 алтын, 21 күміс, 25 қола медальмен екінші орынға ие болса, Өзбекстан 11 алтын, 12 күміс, 11 қола медальмен үшінші орынға тұрақтады.