Премьер-министрдің орынбасары төтенше жағдайлар, ішкі істер, денсаулық сақтау министрліктері мен азаматтық авиация комитеті өкілдерінің есептерін тыңдады.
«Төтенше жағдайдың салдарын жою үшін Қазақстан Үкіметі барлық қажетті шараларды қабылдайды. Вице-премьер құтқару жұмыстарын жалғастыру, зардап шеккендерге қолдау көрсету және қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету жөнінде тапсырма берді», — делінген хабарламада.
Апат салдарынан қаза тапқан қазақстандықтардың отбасыларына қаржылай көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, Маңғыстау облысында қайтыс болған шетелдік азаматтардың жақындарына да қажетті қолдау көрсетілетіні айтылды.
Бұған дейін Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтаудағы апаттан қаза тапқандардың туыстарына көмек көрсетуге уәде берген болатын.
«Барлық қажетті көмекті қамтамасыз етеміз. Бұл жерде олардың таныстары немесе жақын достары жоқ екені белгілі. Қаза тапқандардың көбі – шетелдік азаматтар. Ақтауға келсеңіздер, мына телефон нөмірін жазып алыңыздар: +7 702 525 31 01. Бұл нөмір тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді. Тек кімнің туысы екеніңізді айту жеткілікті», — деді әкім.