Кездесу барысында екі елдегі туризмді дамыту мәселелері, медициналық туризм, 2024 жылға арналған жаңа жобалар мен мақсаттар талқыланды.
Еркін форматта өткен кездесудің басты мақсаты — туризм саласын меңгерген мамандармен пікір алмасу, екі елдегі осы саланың дамуын бағалау. Басқосудағы таныстықтан кейін Солмаз Хаберал мен Алпарслан Акынджыға түрлі сұрақтар қойылды.
Қонақтардың айтуынша, Түркиядағы туристер саны 2023 жылы 2022 жылмен салыстырғанда, 10 пайызға артқан. Осылайша, 2023 жылы түріктер елі шет елдерден 56,7 миллион турист қабылдап, елдің туризм кірісін 54,3 миллиард долларға жеткізген. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ал 2025 жылы бұл көрсеткішті 100 миллионға жеткізіп, туризмнен түсетін кірісті 100 миллиард доллардан асыруды көздеп отырғандарын айтады.
Жиналғандардың әрқайсысы өз пікірін білдіріп, ойларын ортаға салды.
Туризмнің қыр-сырына тереңнен үңілген соң қонақтарға Нәзия Жоямергенқызы Түркітілдес журналистер қоры атынан кәдесый ретінде сыйлықтар тапсырды.
Елімізге алғаш рет аяқ басқан Солмаз Хаберал қонақжайлыққа ризашылығын білдіріп, ыстық ықыласын жаудырды. Алдағы уақытта бірлесіп тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасағылары келетінін тілге тиек етуді ұмытпады.