Мемлекет басшысы Серікқали Брекешевтің минералдық ресурстар деректерінің цифрлық банкін құру және киіктер популяциясын реттеу жөніндегі тиімсіз жұмысын сынға алды.
«Үкімет бірнеше жылдан бері ашық геологиялық ақпараты бар минералдық ресурстар деректерінің цифрлық банкін құру туралы уәде беріп келеді. Қаржы бөлінді. Алайда, бұл маңызды міндет әлі орындалмады, сылтау көп. Бұл ретте, біліктілік жоқ па, әлде қасақана орындалмай отыр ма? Орындаушылар үшін түбі жақсылыққа апармайтынын ескертемін. Бұл, ең алдымен, тиісті министрлікке, сондай-ақ басқа да министрліктерге қатысты. Министрге сөгіс жариялаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, Президент министрден киіктердің санын реттеу мәселесін ақылға салып шешуді талап етті.
«Киік — қазақ үшін киелі жануар. Табиғи ландшафттан 80 мың киікті жою, яғни ату ұсынылды. Мәселені шешудің басқа да жолдары бар емес пе? Мамандармен ақылдасыңыз. Бұл ақырғы шара болуға тиіс. Бәлкім, бұған да жүгінерміз. Бірақ, бұл амалсыз шара болуы керек екенін ескертемін. Осы мәселені кәсіби тұрғыдан қарастыру қажет», – деді Мемлекет басшысы.