Президент өз сөзінде «Тазару күніне» орай еліміздің барлық өңірінде ауқымды экологиялық акция басталғанын атап өтті. Бұл бастама Наурызнама онкүндігі аясындағы маңызды күндердің бірі ретінде ерекше мәнге ие.
«Қымбатты отандастар! Бүгін «Тазару күніне» орай еліміздің әр түкпірінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының жаңа кезеңіне жол ашатын ауқымды экологиялық акция басталды. Қоғамымыздың жаңғыруы табиғаттың жаңаруымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – баршамызға Отанымыздың игілігі жолында аянбай еңбек етуге ерекше серпін береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, республика көлемінде «Мөлдір бұлақ» бастамасы кеңінен жүзеге асырылуда. Жоба аясында бұлақ көздерін ашу, ағаш отырғызу, су айдындары мен жағалауларды, аулалар мен саябақтарды тазарту жұмыстары жалғасады.
Сондай-ақ Президент Наурыз мейрамы кезінде қабылданған Жаңа Халық Конституциясының маңызына тоқталып, онда табиғатқа жанашырлықпен қарау ұлттық дүниетанымның басты қағидаттарының бірі ретінде айқындалғанын жеткізді.
«Жаңа Халық Конституциясы ел бірлігінің арқауы, рухани және құқықтық бағдарымыз әрі Тәуелсіздігіміздің мызғымас тұғыры болатыны сөзсіз. Ол қоғамда ынтымақ, жауапты әрі жасампаз отаншылдық және «Таза Қазақстан» құндылықтарын қалыптастырады», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының мәні тек қоршаған ортаны таза ұстаумен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл – азаматтардың ниеті мен санасының тазалығы, әл-ауқатты арттыруға бағытталған ортақ жауапкершілік.
«Отандастарымды Тазару күнімен құттықтаймын! Қазіргі таңда табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану мен саналы тұтыну мәдениетін ұстанатын азаматтар саны артып келеді. Бұл – еліміздің жарқын болашағына бастайтын игі үрдіс. Баршаңызды тазалық пен тәртіп эстафетасына белсене қатысуға шақырамын. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында Әділетті, Таза әрі Өркендеген Қазақстанды бірге құрамыз», – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы ел аумағында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатты қорғауға және қоғамның жауапкершілігін арттыруға бағытталған.





