Сондай-ақ Мемлекет басшысы депутаттар санын арттырудың қажеті жоқ екенін атап өтті. Оның айтуынша, Парламентте шынайы патриоттар мен кәсіби мамандар жұмыс істеуі тиіс.
«Қорытындысында мандаттардың жалпы саны 145 болуы керек деген пікір айтылды. Төраға орынбасарларының саны – үшеу, ал комитеттер саны сегізден аспауы тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бұдан бөлек қолданыстағы Конституцияға сәйкес Конституциялық сотты, Жоғары аудиторлық палатаны және Орталық сайлау комиссиясын қалыптастыру өкілеттіктері Мәжіліс, Сенат және Президент арасында теңдей бөлінгенін еске салды.
«Енді осы маңызды мемлекеттік құрылымдардың барлық мүшесін тағайындау тек Парламенттің келісімімен жүзеге асырылуы ұсынылып отыр. Сондай-ақ Мемлекет басшысының ұсынуымен Жоғарғы соттың барлық судьяларын сайлау өкілеттігін елдің жоғары өкілді органы депутаттарына беру көзделіп отыр. Бұл – қазақстандық парламентаризмді дамытудағы, билік тармақтары арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін нығайтудағы үлкен қадам», – деді Президент.






