Талғар ауданының прокуратурасы бұл сату-сатып алу мәмілелерін жарамсыз деп таныған. Әзірге көшіру талап етілмейді деген болатын. Алайда мұнымен мәселе бітпейтін секілді. Қазіргі таңда дауға айналған іс сотта қаралып жатыр. Істің басты фигуранты — Талғар аудандық жер қатынастары бөлімінің бұрынғы бастығы Қайрат Алтынбекұлы. Өткен жылы сот оны Алматы әуежайы маңындағы учаскелерді заңсыз беру туралы іс бойынша билікті асыра пайдаланғаны және алаяқтыққа қолдау көрсеткені үшін төрт жылға бас бостандығынан айырған еді.
«Тергеу барысында бұл қылмысқа ауданның жер қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысының қатысы бары анықталды. Талғар ауданы әкімінің 21.07.2006 жылғы шешімімен Талғар ауданының жер қатынастары бөлімінің бағбандық қызметін жүргізу үшін алаңы 86,0 га жер учаскесін сату-сатып алудың үлгі шартын Қ. Алтынбекұлы жалған адамға рәсімдеген. Аудандық жер қатынастары бөлімінен осы учаскеге қатысты деректерді сұраған кезде, 21.07.2006 жылғы жер учаскесіне сатып алу-сатудың үлгілік шарты іс жүзінде мүлдем басқа адаммен жасалғаны анықталды», — деді Талғар ауданының прокуроры Бақұстар Қыдырбаев.
Мәмілені тіркеу кезінде осы 86 гектардың кадастрлық құны 825 млн теңге болған. Ал жалған тұлғаға жер 16 млн теңгеге берілді. Тіпті ол төленбеген. Ол осы 86 гектарды Талғар аудандық сотында тек 2017 жылы заңдастырды. Содан кейін жердің бір бөлігін учаскелерге бөліп, адамдарға жеке тұрғын үй құрылысына сата бастады. Талғар аудандық прокуратурасы қызметтік жағдайын пайдаланып алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу жүргізу үшін іс Алматы облысы прокуратурасына берілді.
Сондай-ақ, қадағалау органы Талғар аудандық сотының жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша 19.09.2017 жылғы шешімінің күшін жоюға қол жеткізді. 2022 жылдың 20-шілдесінде сот шешімнің күшін жойды, яғни бұл жер енді жалған тұлғаға тиесілі емес. Сонымен қатар, Алматы облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы да өз кезегінде сотқа қаулыны заңсыз деп тану туралы талап арыз берді