«Тұрғындар жол қауіпсіздігін күшейтуді, атап айтқанда жаяу жүргіншілер өткелін жарықтандыруды талап етеді», — деп жазды Talgarnews.
Наразылығын білдірген 30-ға жуық жергілікті тұрғын жолдың жанына жиналды. Талғар ауданы әкімінің орынбасары Оразхан Қаспақбаев пен Қайнар ауылдық округінің әкімі Нұрболат Манапбаев оқиға орнына келді. Олар тұрғындардың жол белгілерін орнату, жылдамдыққа қарсы кедергі және жаяу жүргіншілер өткелін жарықтандыруға қатысты шағымдарын тыңдады.
«Біз жаяу жүргіншілер өткелін жарықтандыруға өткен жылы өтінім бердік. Жол облысқа қарайтындықтан, ауданның өз бетімен белгі қоюға немесе жарықтандыруға құзыры жоқ. Оны облыс шешеді», — деп түсіндірді ауылдық округ әкімі Нұрболат Манапбаев.
Әкімдік өкілдері Алматы облысының билігіне тағы да осы мәселе бойынша жүгініп, мәселені полициямен бірлесіп шешуге уәде берді. Келіссөздерден кейін адамдар жолды жауып тастау туралы ойларынан бас тартып, үйлерге тарады.