Журналист Қарагөз Сімәділ өзінің Facebook парақшасында: «Талғардағы 25-мектеп қазақ мектебі болады деп уәде берген еді. Оның видеосын салдым. Алайда, сөз басқа, іс басқа болып тұр. Бала саны жетпейді деген сылтау айтылды. 889 қазақ оқушының ата-анасының өтініші мен дерегі жиналды. Мәжіліс депутаттары Қазыбек Иса, Жанарбек Әшімжан дәл осы мектепке қатысты мән-жайдан хабардар. Енді міне, оқу жылы басталар шақта қазақ мектебі бәрібір аралас болайын деп тұр», — деген ақпарат таратты.
Бұл жағдай туралы аудандық Білім бөлімі мамандарының айтар өз уәжі бар.
«Аталған 1200 орындық мектептің құрылысы Талғар қаласы бойынша мектептердегі 3 ауысымды жоюға бағытталған. Қазір құрылыс аяқталып, мектепті заңды мекеме ретінде тіркеу, оқушыларды қабылдау жүріп жатыр. Бүгінде жалпы саны 974 өтініш түскен. Оның ішінде: қазақ сыныптарына – 582, орыс сыныптарына – 392», — дейді бөлім басшысы Қарлыға Сәдуақасова.
Жауапты маманның мәліметінше, №25 мектеп салынғанға дейін қаладағы Ф. Халипов атындағы №1 орта мектеп үш ауысымда жұмыс істеген. Оқыту тілі — аралас. Ал шаһардағы С. Сейфуллин атындағы №2 жалпы білім беретін орта мектепке үш ауысымда оқыту қаупі тұр.
«Сондай-ақ қалада облыстық Ю. Гагарин атындағы дарынды балаларға арналған №8 арнаулы гимназия жұмыс істейді. Бұл — үш тілде білім беретін оқу орны. Аталған білім ордасы оқушыларды арнайы емтихан негізінде қабылдап, 5-11 сынып балаларын ғана оқытуы тиіс. Алайда, оқушы орны жетіспеушілігінен бастауыш сынып оқушыларын да оқытып келеді. Ал жаңа мектеп осы мәселелерді шешуге көп үлес қосады», — деп атап өтті Қ. Сәдуақасова.
Оның айтуынша, Талғар қаласында 9 оқу ордасы бар. Оқыту тіліне қарай 4 мектеп таза қазақ тілінде (№2,7,9,49), 2 мектеп таза орыс тілінде (№3,4), 3 мектеп екі тілде білім береді (№1,5,6).
«Әу баста №9 мектепте күрделі жөндеу жүргізу жоспарына сәйкес, №25 мектепке ауысуға оқушылар бірауыздан келіссе, мектеп «қазақ мектебі болады» деген болжамдар болған. Дегенмен, мектептен 10 бала ғана ауысамыз деп өтініш берді. №25 мектептің таза қазақ мектебі болмауының бір себебі осы», — дейді бөлім басшысы.
Бұдан бөлек Қ. Сәдуақасова Талғар ауданында ұлты қазақ оқушылардың орысша білім алуынан орыс сыныптарының саны артып отырғанын айтты.