Әлеуметтік желіде Петропавл көшелерінде, автокөлік жолдарында топ-тобымен жүрген еліктердің бейнежазбалары тарап жатыр. Тұрғындардың пікірінше, олардың қарны аш, қалың қардан қорек таба алмай, елді мекендерге кіруге мәжбүр.
СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Андрей Красниковтың айтуынша, өткен жылдың қараша айынан бастап өңірге Ресейдің көрші облыстарынан еліктердің миграциясы басталды. Кең далада еркін жайылған жануарлар үшін ешқандай шекара жоқ.
«Автожол үстіне шыққан, елді мекендердің маңындағы жүрген еліктерді қараша айынан байқай бастадық. Олар – Ресейден келіп жатқан жануарлар. Көрші елдегі әріптестерімізбен хабарласып, жағдайды білдік. Олардың айтуынша, күзде қалың қар жауған, арты жаңбырға ұласқан. Кейін қатты аяз болып, жерді қатырып тастаған. Бұл тұяқты жануарларға азық табуды қиындатып жіберген. Бір себебі осы болуы мүмкін. Екінші себебі – жыртылған аумақтардың саны артқан. Бұл жануарлардың жайылымын азайтып, ығыстырған. Ашыққан еліктер азық іздеп келіп жатыр», — дейді Андрей Красников.
Соңғы есеп бойынша өңірде олардың саны 18 мыңнан асқан. 43 аңшылық шаруашылығы 27 пайдаланушыға берілген. Олар аңдарды қорғап қана қоймай, керек болған жағдайда қолдан азықтандырады. Сол үшін жаз бойы шөп, қайың сыпырғылары және астық қалдықтары дайындалады.
«Бізге Ресейден жер ауып келіп жатқан да сібір елігі. Олардың бір бөлігі кейін көктемде қайтады. Жалпы, келгені дұрыс, одан қорқудың қажеті жоқ. Жергілікті жануарлармен араласып, тұқымы жақсарады. Жабық популяция кезінде ген нашарлайтыны белгілі. Ал жалпы бұл жануарларды жақын маңда көрсеңіз оларға жақындаудың, ұстаймын деп қуудың қажеті жоқ. Одан адам немесе жануар жарақат алуы мүмкін. Сондай-ақ тұрғындарға еліктерді қолдан тамақтандыруға болмайтынын еске саламын. Өйткені олар түз жануары», — деді мамандар.