«Қазақстанның сауда-экономикалық серіктестері арасында Ресей бірінші орында тұр. Жоғары технологиялық салаларда, соның ішінде ғарыш саласында жұмыс істейміз. Біздің кездесуіміз, әрине, сенімді стратегиялық серіктестігімізді дамытуға қосымша серпін беретініне өте қуаныштымын», – деді Ресей басшысы.
Сондай-ақ Владимир Путиннің айтуынша, Сыртқы істер, Қорғаныс министрліктері бірлесіп түрлі іс-шараларды, соның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясындағы бірлескен оқу-жаттығуларды және тағы басқаларын дайындап жатыр.
«Тауар айналымы өсіп келеді. Былтыр 34,4% өссе, биыл бес айда 9% пайызға дерлік өсті. Инвестициялар екі жақтан да артып келеді. Меніңше, Ресей инвестициясы 18 миллиард долларға жетті, ал Қазақстанның Ресейге салған инвестициясы төрт жарым миллиард шамасында», — деді В. Путин.
Айта кетейік, екі ел басшыларының кездесуі 2,5 сағатқа созылды. Және олар басқосудан кейін жылы лебізбен қоштасты.