Әуе кеңістігінің жабылуына байланысты азаматтар көршілес мемлекеттер арқылы елге қайтарылып жатыр. Бұл туралы сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Бақаевтың айтуынша, әуе кеңістігі жабылғанға дейін билет сатып алып, бірақ ұша алмай қалған жолаушылар үшін Flydubai әуе компаниясы арнайы рейс орындаған.
«Біріккен Араб Әмірліктері көптеген әуе компаниялары үшін әуе кеңістігін жапты. Дегенмен өз тасымалдаушыларына жолаушылар алдындағы міндеттемелерін орындауға мүмкіндік беріп отыр. Кешегі рейспен алдын ала сатып алынған билеттері бар азаматтар елге оралды», — деді ол.
Билеті жоқ немесе транзитпен жүрген азаматтар балама бағыттармен эвакуациялануда. СІМ мәліметінше, қазақстандықтар мінген алғашқы автобустар Дубайдан Оман сұлтанатына қарай жолға шыққан.
Күн соңына дейін Оман аумағы арқылы 467 азаматты Қазақстанға жеткізу жоспарланып отыр.
Екінші бағыт Қатардан Сауд Арабиясы арқылы ұйымдастырылуда. Азаматтар автобуспен Эр-Риядқа, одан кейін Жидда қаласына жеткізіледі. Сол жерден қазақстандық ұшақтар оларды елге алып келеді.
СІМ басшысының орынбасары Иран әуе кеңістігінің жабылуына байланысты эвакуация тек құрлық жолымен — Армения, Әзербайжан және Түрікменстан арқылы жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Жақында Түрікменстан аумағы арқылы Иранның солтүстігінде болған 17 Қазақстан азаматы елге шығарылған.





