Бейнебайланыс режиміндегі жиында «Эйр Астана», «SCAT әуе компаниясы» және «Qazaq Air» сынды отандық авиакомпаниялардың өкілдері қатысты. Басқосуда осы саладағы біраз мәселелерді ортаға салумен қатар БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Ұшақтардың кешігуіне байланысты болған оқиғалар турасында хабарлап, рейстер кестесін жоспардан тыс өзгертетін және тоқтататын авиакомпанияларға қолданылатын шаралар жайын қаузады. Сондай-ақ олар кешіккен рейстердің жолаушыларына көрсетілетін қосымша қызметтер заңдылығының бұзылуына байланысты мәселеге назар аударды.
БАҚ өкілінің сауалына Салтанат Томпиева жан-жақты әрі толыққанды жауап берді.
«Коммерциялық авиакомпания үшін ұшақтың әуеде болғаны маңызды. Себебі сонда ғана ол қаржы әкеледі. Ал оның жерде болуы шығын екендігі белгілі. Бұл тарапта әуе тасымалдаушы компаниялар ұшу рейстерінің кешігуі немесе тоқтатылуына мүдделі емес. Бұл – басы артық шығын», – деп атап өтті ИИДМ өкілі.
Салтанат Томпиева өз сөзінде заңда ұшу қауіпсіздігі талаптарын қамтамасыз ету мақсатында рейстерді кешіктірген авиакомпаниялар көп жағдайда жолаушыларға міндетті қызметтерді тиісті деңгейде орындамайтынын алға тартты. Сәйкесінше оларға заңнамаға сәйкес шара қолданылатын болады.
«Әрине, ұшудың кешігуі немесе ауыстырылуы көптеген қолайсыздықтар тудырады. Алайда техникалық ақаулықтар кез келген кезде орын алуы мүмкін. Тасымалдаушылар жолаушыларды рейстің ұшуын екі сағаттан артық күту кезінде алкогольсіз сусындармен қамтамасыз етуге міндетті. Ал рейстің ұшуын төрт сағаттан артық күткен кезде ыстық тамақ берілуі тиіс», – деді Салтанат Томпиева.
Рейсті күндіз алты сағат, түнде сегіз сағат күткен кезде жолушыларға тасымалдаушы ұсынған қонақүйде тұруға және тасымалдаушы ұсынған көлікпен әуежайдан қонақүйге және кері қайту қызметтері көрсетілуі қажет. Тасымалдаушының кiнәсінен рейс кейінге қалдырылған немесе 10 сағаттан астам мерзiмге кiдiртiлген жағдайда, жолаушының қалауы бойынша әуекомпания жоғарыда аталған қызметтердің барлығын көрсете отырып, жолаушыны билетте көрсетiлген межелі пунктке дейін жақын арада ұшатын рейспен тасымалдауды қамтамасыз етуге міндетті.
«Бұл қызметтердің барлығы жолаушыларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тегін көрсетіледі. Егер де тасымалдаушы компания өз міндетін орындамаған жағдайда жолаушылар Азаматтық авиация комитетіне шағымдана алады. Біз келіп түскен шағымдарды зерделеп, тиісті шешім қабылдайтын боламыз», – деп атап өтті Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары.