Бірақ қазірдің өзінде әлем ғалымдары алаңдап отыр. Індет ошағы саналатын Қытайда қазірдің өзінде кесел 35 адамнан анықталған.
Дертке шалдыққандарда дене қызуы көтеріліп, шаршау мен жөтел пайда болады және жүрегі айниды. «Ланье» вирусын әлем ғалымдары осыдан төрт жыл бұрын анықтаған. Алғашында ол жануарлар арасында тараса, қазір адамға көртышқаннан жұға бастады. Бұған сарапшылар алаңдап отыр. Өйткені коронавирустың да бізге жарқанаттан жеткені мәлім.
«Қытайлар жеуге болмайтын жарқанат пен көртышқанның да етін жеуді дәстүрге айналдырған. «Ланье» – жарқанатқа жақын саналатын көртышқандардан жұғып жатыр. Әзірге оның қаншалықты қауіпті болатынын дөп басып айта алмаймыз. Барлығы да мутацияға ұшырауына байланысты. Өйткені Covid-19 ертеректе пайда болғанымен, 2020 жылы мутацияға ұшырап, алты құрлыққа ауыз салды емес пе?», – дейді медицина ғылымдарының докторы Дмитрий Еделев.
Қытайда генипавирусқа шалдыққандар арасында өлім-жітім жоқ. Індеттің адамнан адамға жұғу, не жұқпауы әзірге белгісіз. Covid-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия өкілдері елімізде аталған дертпен тіркелгендер жоқ екенін мәлімдеді. Дегенмен сарапшылар жаңа вирус түрін елімізге келмейді деп кесіп айтуға болмайды деп отыр.
«Қазір вирусқа қатысты кез келген ақпарат дүрбелең тудыруы мүмкін. Өйткені бәрімізде коронавирустан кейін қорқыныш бар. Бірақ бұл вирус адамнан адамға жұғатыны әлі анықталмаған. Соның өзінде Қытай барлық қауіпсіздік шарасын жасап жатыр деген ойдамыз. Сондықтан әзірге қауіптенуге еш негіз жоқ», – дейді Б. Атшабаров атындағы іргелі және қолданбалы медицина ғылыми-зерттеу институтының директоры Тимур Салиев.
Мамандардың айтуынша, әдеттегідей, санитарлық талаптарды қатаң сақтаған абзал. Өйткені кез келген дерттен қорғанудың алғашқы жолы осы. Бұған қоса ауру анықталып жатқан елдерге саяхатқа бармаған жөн деп ескертеді.