Қыс мезгілінде иммунитетті көтеру өзекті мәселе. Бұл кезеңде адамдар иммунитетінің қорғаныс қабілеті төмендеп, түрлі инфекциялардың қоздырғыштарын қабылдауы жиілейді. Сол үшін адам ағзасында дәрумендер жеткілікті болып, өзінің түрлі ауруларға деген қорғанысын арттыру шаралын білгені дұрыс. Иммунитетті қалай көтеруге болады? Бұл туралы alataunews.kz тілшісі дайындаған материалды ұсынамыз.
1. Спортпен айналысыңыз
Спорт – денсаулықты нығайтудың басты жолы. Егер жиі әлсіздік сезінсеңіз, таза ауада серуендеуді әдетке айналдырыңыз. Ең қолжетімді жаттығу – жаяу жүру. Үйден дүкенге немесе жұмысқа жаяу барып қайтыңыз. Табиғат аясында серуендеу де өте пайдалы. Сонымен қатар фитнес, би сабақтарына қатысу тек иммунитетті нығайтып қоймай, дене сымбатыңызды сақтауға көмектеседі.
2. Жылдам жүру
Жылдам жүру – ағзаға аздап күш түсіріп, қан айналымын жақсартудың тиімді тәсілі. Бұл әдіс ағзаны оттегімен қамтамасыз етіп, зат алмасуды жылдамдатады, ал бұл өз кезегінде көңіл-күйді жақсартады. Көңіл-күй жақсарса, иммунитет те күшейеді. Алғашында 1 шақырым жылдам жүріп, күн сайын қашықтықты көбейтіңіз. Қалалық ортада жұмыстан кейінгі екі аялдама жаяу жүрудің өзі жеткілікті.
3. Салқын сумен жуыну
Салқын сумен жуынуды біртіндеп бастаған дұрыс. Алдымен аяқтан бастап, кейін белден жоғары, соңында бүкіл денеңізге құйыныңыз. Алғашқы кезеңде бұл әрекетті 1-2 рет қайталап, уақыт өте жиілігін арттырыңыз.
4. Құнарлы тамақтану
Дұрыс тамақтану – иммунитетті нығайтудың ең қарапайым әрі тиімді әдісі. Ас мәзіріңізге табиғи, дәрумендерге бай тағамдарды қосыңыз. Әсіресе С және Е дәрумендері, каротиноидтар, омега-3 майлы қышқылдары мен пробиотиктерге назар аударыңыз. Оларды жеміс-жидектерден, көкөністерден, балдан, еттен алуға болады. Қантты, қуырылған тағамдарды азайтыңыз, өйткені олар иммундық жүйені әлсіретеді. Балық пен балық майын рационыңызға қосыңыз. Омега-3 майлы қышқылы ағзадағы бактерияларды жоятын макрофагтардың белсенділігін арттырады. Аптасына 1-2 рет балық жеп, күн сайын бір капсула балық майын ішіңіз.
5. Шөп тұнбаларын пайдалану
Иммунитетті нығайтуға шөптен жасалған тұнбалар көмектеседі. Мысалы, қытай лимоны, лимон қосылған көк шай, итмұрын тұнбалары өте пайдалы.
6. Дұрыс ұйықтау
Сапалы ұйқы – иммунитетті жақсартудың ең қарапайым тәсілі. Егер ұйқыңыз толық болмаса, ағзаңыз әлсіреп, жиі ауыруыңыз мүмкін. Дені сау адам күніне 7-8 сағат ұйықтауы қажет.
Аталған кеңестерді орындау арқылы иммунитетіңізді күшейтіңіз. Себебі, деніңіз сау болса, жұмысыңыз өнімді болып, көңіл-күйіңіз көтеріңкі жүреді.