Іс-шараның негізгі мақсаты – білім беру үдерісінде сабақ сапасын арттыруға ықпал ететін цифрлық құралдар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тәжірибе жүзінде таныстыру және педагогтердің оларды тиімді пайдалану дағдыларын жетілдіру.

Тәжірибелік алаң жұмысы Interactive Corridor форматындағы инновациялық жобалар дәлізінен басталды. Онда білім беру ұйымының STEM, робототехника және жасанды интеллект бағытындағы жобалары көпшілік назарына ұсынылды.

Бағдарлама аясында «Цифрлық дидактика» бөлімінде сабақ сапасын басқарудың заманауи тәсілдері, сондай-ақ жасанды интеллект көмегімен оқу материалдарын әзірлеу жолдары таныстырылды. Сонымен қатар «ЖИ және цифрлық сабақ зертханасы» форматында ықшам сабақтар ұйымдастырылып, робототехника, физика, математика және бастауыш сыныптар бойынша цифрлық технологияларды қолданудың нақты тәжірибелері көрсетілді.

Іс-шара барысында педагогтерге арналған шеберлік сыныптары өтіп, онда цифрлық платформаларды тиімді пайдалану, vibe coding әдістері және жасанды интеллект арқылы кері байланыс ұйымдастыру мәселелері қамтылды.
Тәжірибелік алаң Reflection Hub талдау алаңымен қорытындыланып, қатысушылар цифрлық форматта өз пікірлерін білдірді.
Аталған іс-шара мұғалімдердің цифрлық құзыреттілігін арттыруға және білім беру жүйесіне жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізуге бағытталған маңызды кәсіби алаң болды.





