1940 жылы жас аспирант Шапық Шокин Қазақстанда ГЭС салу туралы кандидаттық диссертациясын бастады. Ғалымды сол кездегі Қазақ КСР басшылары Жұмабай Шаяхметов пен Нұртас Оңдасынов қолдап, 1965 жылы 30 миллиард текше метр су айдыны бар ГЭС-ті салу жұмыстары қолға алынды. Әрине, бұның барлығының басы-қасында Дінмұхамед Қонаев болды. Бірнеше елді мекендер су астында қалды. Ал 1970 жылғы 9 шілдеде Қазақстан картасына Қапшағай атты қала түсірілді.
Қазақ КСР Министрлер Кеңесі 1970 жылдың 20 шілдесінде қаланы одан әрі дамыту үшін қажетті жағдай жасау, оны жоспарлау мен құрылыс сапасын жақсарту, сондай-ақ еңбекшілердің жаппай демалуы үшін су қоймасының жағалау белдеуін пайдалануды ретке келтіру мақсатында «Қапшағай қаласының құрылысын жақсарту, абаттандыру және одан әрі дамыту жөніндегі шаралар туралы» №442 санды қаулы қабылдады. Жарлыққа 1970 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы С.Ниязбеков және Қазақ СCP Жоғарғы Кеңесінің хатшысы Б. Рамазанов қол қойды.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қапшағайдың жастық шағы коммунистік идеологияның жоспарлы шаруашылық дәуірінде қалыптасқан. Қала алғашқы жиырма жылда қуат өндіру, өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, балықшылық салалары бойынша мемлекеттік тапсырысты абыройлы атқарған. Осылайша, араға жылдар салып, 2022 жылдың 3 мамырында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қапшағай қаласын 9-шы ОК Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың есімімен қайта атау туралы Жарлыққа қол қойды.
Сондай-ақ, 2022 жылдың 3 мамырында Алматы облысының әкімшілік орталығын Талдықорған қаласынан Қонаев қаласына көшіру туралы жарлық шықты.
Жақында Қонаев қаласының бас жоспары таныстырылды. Айта кетерлігі қалада жаңа әкімшілік ғимараттар мен тұрғын үйлердің ауқымды құрылысы басталмақ.
Қала тұрғындары бұл өзгерістер шаһардың болашағы жарқын болуына ықпал ететініне сенімді.