Түрлі басқармаларда, мектептерде, мекемелерде қызмет ететін мамандар қаладағы №5,6,7 жағажайларға, паркке, Жамбыл көшесінің бойына ағаш екті. Жалпы отырғызылған ағаш саны — 3000-ға жуық.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дегендей, мектеп оқушыларымен бірге ағаш егуге шықтық. Көктің көп болуы — денсаулыққа пайдалы. Және мұндай шаралар балаларды еңбекқорлыққа баулиды, табиғатты аялауға үйретеді, тіршілік атаулыға қамқор болуға бастайды. Жақында ғана облыс орталығына айналған қаламыздың көркеюіне атсалысу — әр тұрғынның міндеті, азаматтық борышы деп ойлаймын», — дейді №3 орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 7 «б» сыныбының жетекшісі Айдана Мұхамедиева.
Сонымен қатар бүгін сенбілікке шығып, айналаны тазалаған жұрттың қарасы көп. Соның бірі — қалалық аурухананың ақ халаттылары.
«Біздің ауламыз көгалдандыру жағынан кенде емес. Сондықтан күз келіп, қурап түскен жапырақтарды жинау үшін жиналдық», — деді баспасөз хатшысы Айна Мұқанова.
Айта кетейік, биыл қалада 7000 түп ағаш отырғызу жоспарланып отыр.