Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) қалыңмал мен ислам шариғатындағы мәһір ұғымдарын біріктіру жөнінде шешім қабылдады. Бұл туралы басқарманың ресми өкілі Ағабек Қонарбайұлы хабарлады, деп хабарлайды alataunews.kz.
Қалыңмал мен мәһірдің ұқсастығы
Қалыңмал – қазақ дәстүріндегі қалыңдық үшін берілетін мал-дүние. Ислам шариғатында мәһір күйеу жігіттің қалыңдығына беретін сыйы ретінде қарастырылады. Фиқһ ілімінде бұл мал-мүлік «дустиман» деп аталады және көбінесе қыздың жасауына немесе тұрмысына арналған.
Ғалымдардың пікірлері
Имам әл-Касани мен Ибн Абидин секілді ғұламалар қалыңмал мен мәһірдің арасындағы байланысқа назар аударған. Имам әл-Касани:
«Неке қию кезінде қалыңдықтың разылығы жасырын болуы мүмкін, сондықтан мәһрді оның әкесі қабылдайды. Бұл қыздың разылығын білдіреді, ал мәһірдің бір бөлігі жасау ретінде беріледі,» – деп түсіндіреді.
Ибн Абидиннің айтуынша, неке қию кезінде қалыңмал «мәһір» деп нақты аталса, ол мәһір ретінде тез арада берілуі тиіс, ал керісінше жағдайда оны қыз жасау ретінде пайдалануға болады.
ҚМДБ шешімі
ҚМДБ-ның түсіндірмесіне сәйкес:
- Қалыңмал қыздың разылығымен мәһірге жатқызылуы мүмкін және оның жасауына жұмсалуы мүмкін.
- Алайда қыздың ата-анасына немесе туыстарына берілетін «әке еңбегі», «ана сүті» секілді сыйлықтар мәһірге саналмайды.
- Қалыңмал берілмейтін өңірлерде неке қию кезінде мәһір міндетті түрде белгіленуі тиіс. Белгіленбеген жағдайда күйеуі мәһір-мисл төлеуге міндетті.
Бұл шешім қазақ халқының дәстүрі мен ислам қағидаттарын үйлестіре отырып, неке шарттарын айқындауды көздейді.