Санкциялар салдарынан РФ порттары қаңтарылып, солтүстік көрші ебін тауып енді өз астығын жаһандық нарыққа Қазақстан арқылы таси бастаған. Сарапшылардың айтуынша, ресейдің астық арзанын әлемдік нарыққа кейбір пысықай экспорттаушылар Қазақстанның астығы есебінде сатуға көшіпті.
Соның салдарынан нағыз қазақ астығы сұраныстан қағылып, тасымалдан қалыс қала бастаған. Бұл орайда алыпсатарлардың дәурені жүріп тұр. Олар көршіден арзан астық алып бір ұтса, оны экспортқа шығарып, қосылған құн салығы және экспортты мемлекеттік қолдау түрінде бюджеттен миллиардтаған қаражат алып, тағы ұтады. Осылайша олар қазақстандық шаруаларға да, елдің қазынасына да орасан зиян келтіріп отыр.
Сондықтан Қазақстанның астық одағы, Қазақстанның астық өңдеушілер одағы, Қазақстанның май-тоңмай одағы сияқты бірқатар салалық қауымдастықтар Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа хат жазды. Олар астық, бидайды, жүгеріні, арпаны, сондай-ақ ұн мен күнбағыс пістесін Ресейден Қазақстанға автомобиль көлігімен әкелуге тыйым салуды сұрады.
Себебі, реэкспорт дәл осы жолмен жүреді. Ал теміржол көлігімен негізінен ресейлік нағыз транзит жүзеге асырылады.
Шағымданушылар бұл тосқауылды тезірек қоюды өтінді. Ең кеш дегенде биылғы 1 қыркүйекке дейін енгізіп үлгеруге тиіс, әйтпесе Қазақстанда жаңа астық жаппай орыла бастағанда, проблема өршуі мүмкін.
Шаруалар бұл тиым аса қажет дейді. Өйткені Ресейден астықты және басқа ауыл шаруашылығы дақылдарын жаппай тасу белең алған. Жасырын жолмен келген тіркемелері бар ірі жүк көліктері жалпы көлемі бірнеше миллион тоннаға жететін РФ астығын елге әкеліп, нарықтан отандық астықшыларды ығыстырып жатқан көрінеді. Себебі, олардан айырмашылығы сол, қазақстандық егіншілер қосылған құн салығын төлейді. Бұл астықтың өзіндік құнын қымбаттатады.
Қынжылтатыны сол, Ресейден арзан астықтың ағылуы қазақстандық дүкен сөрелерінде ұн мен нанның арзандауына ықпал етпеген. Өйткені ол астық негізінен артынша шетелге шығарылатын көрінеді. Салдарынан, қазақстандық астықтың экспорттық бағасын құлдыратты.
«Автомобиль көлігімен жүзеге асырылып жатқан ресейлік заңсыз астық импорты, сондай-ақ оның Қазақстан атынан экспортқа шығарылуы экспорттық бағалардың негізсіз төмендеуіне әкелді. Салдарынан адал кәсіпкерлеріміз кем дегенде 202 миллиард теңге немесе 400 миллион доллар шығынға батты. Осыған байланысты елдің бюджеті де қомақты салықтан айырылды», – делінген Премьерге жолданған хатта.
Ресейден бидай контрабандасының көлемі 1,2 млн тоннаға бағаланды. Ал басқа ауыл шаруашылығы дақылдарының контрабандасы 2 млн тонна немесе 300 миллиард теңге болды деп шамаланды.
Дегенмен, ұсақ және орта трейдерлердің пікірі өзгеше: олар Ресейдің арзан астығы ұн тартушыларға жақсы дегенді айтады. Соның арқасында әлеуметтік өнім өндіруге болады. Ал қазақстандық астықшылар өз өнімін тым қымбатқа ұсынады.
Қалай болғанда, қазақстандық экспорттық астық жылдам қарқынмен арзандап барады. Мысалы, Eldala порталының дерегінше, Еуразиялық сауда жүйесі (ETS) биржасында отандық 3 сұрыпты бидай экспорттаушылар 10 мың тонна астығын 3 рет саудаға шығарса да, өткізе алмады. Өйткені нарық ойыншылары оның тағы да арзандайтынын күтіп отыр. Лоттың құны алдымен әр тоннасы үшін 168 мың теңге тұрды, содан соң 166-ға төмендеді. Алайда сатып алушылар 158 мың теңгеден артық төлегісі келмеген. Салыстыру үшін айтсақ, биылғы 8 шілдеде ғана дәл осы отандық ETS биржасында 3 сыныптағы бидайдың әр тоннасы 170 мың теңгеден сатылған.
Сарапшылар егер рубль бағамы 6 теңгеге дейін төмендесе, қазақстандық бидай құны 100–110 мың теңгеге дейін құлдырауы ықтимал деп отыр. Ал егер 1 рубль = 9 теңге бағамы жыл соңына қарай сақталса, онда қазақстандық жаңа астықтық әр тоннасының құны 120–140 мың теңге тұруы мүмкін.
Себебі, Ресей астығының 1 тоннасы 14 мың рублге сатылады, бұл қазіргі бағамда 120 мың теңгеге тең.
Өзі астық егетін Қазақстан 2021 жылы Ресейден 3,5 миллион тоннаға дейін астық сатып алды.