Туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясымен бірлесіп, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерімен жұмыс жүргізіп, футбол клубтарын коммерцияландыру және жекешелендіру бағытында әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізуде.
Үкімет басшысының айтуынша, қазіргі таңда белгілі кәсіпкерлер мен ірі компаниялар бірнеше клубқа қызығушылық танытып отыр. Мәселен, «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы» АҚ (Сергей Кан) — «Қызыл-Жар» футбол клубын сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Freedom Finance тобының негізін қалаушы Тимур Турлов «Шахтёр» клубына арналған жаңа стадион мен футбол академиясын салуға қызығушылық білдірген. Ал Kaspi Group (Михаил Ломтадзе) «Жеңіс» футбол клубын сатып алып, Астанада заманауи футбол инфрақұрылымын дамытуға ниетті. Сонымен қатар қызылордалық TAU GROUP LTD (Ислам Козбаков) «Қайсар» клубын иемденуді жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, Үкімет «Тараз», «Елімай» және «Иртыш» футбол клубтарына қызығушылық танытқан инвесторлармен де кездесулер өткізген. Бұл бастамалар спорт саласын мемлекеттік дотациядан босатып, жеке инвестиция арқылы дамытуға бағытталған.
Премьер-министрдің айтуынша, жекешелендірудің 2021–2025 жылдарға арналған кешенді жоспары жаңартылып, жаңа қаулы жобасы әзірленіп, тиісті мемлекеттік органдармен келісу сатысында.
Сонымен қатар, Үкімет спорт саласындағы жаттықтырушылардың еңбекақысын арттыру шараларын да қолға алып отыр. 2022 жылдан бері азаматтық қызметшілердің жалақысы жыл сайын 20 пайызға өсіріліп келеді. Ал 2026 жылдан бастап балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің жаттықтырушы-оқытушыларына біліктілік шеберлігі үшін лауазымдық жалақысына 30 пайыз көлемінде қосымша ақы төлеу жоспарланған. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінбек.
Сонымен бірге өңір әкімдіктері жергілікті бюджет есебінен спорт саласының қызметкерлеріне үстемеақы тағайындауға және ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мамандарға жалақының кемінде 25 пайыз мөлшерінде қосымша төлем беруге құқылы.
Мемлекет тарапынан жекешелендіру мен еңбекақыны арттыру шаралары спорт саласының дамуына жаңа серпін беріп, футбол инфрақұрылымын жаңғыртуға және кәсіби деңгейін көтеруге бағытталмақ.





